Адам тағдырын таразылау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал осы істі мемлекет атынан атқарып отырған судьяның біліміне парасаты сай болғаны абзал. Қашан да елдегі әділеттіліктің айнасы, тура төрелік айтудың кепілі болған судьялар бұл жоғары міндетті атқару үшін үлкен сыннан өтеді. Сондықтан халық сеніп, үміт артатын сотты құрметтеу – ел азаматтарының парызы. Сот ғимаратының табалдырығын аттағаннан бастап бұл жауапкершілікті әрбір жан сезінуі керек. Ал сот отырысының уақытында өтуіне кедергі жасау сотты ғана емес, Қазақстан Республикасының Заңдарын да сыйламау болып табылады.
Әйтсе де, сотты құрметтемегендерге заң талаптарына сай жауапкершілік көзделетінін көпшілік ескере бермейді. Ол сот отырысына төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаудан, рұқсатсыз орнынан сөйлеу, лас сөздер айту, мас күйде сот отырысына келу, сот мәжілісіне рұқсатсыз келмеу сияқты әрекеттерден көрінеді. Ісі қаралған тараптар уәждерін айтып, әркім өзі таңдаған қорғау әдісін қолданып жатады. Процеске келмей, қасақана істің қарауын созбалаңға салатын жайлар да аз емес.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабының 1-тармағында көрсетілгендей, процеске қатысушылардың және өзге адамдардың қатысуынсыз соттың істі одан әрі қарауы мүмкін болмайтын жағдайларда отырысқа қатысуға міндетті адамдардың сотқа дәделді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрінген сотты құрметтемеудің әрекеттері ескерту жасауға немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеліп соғады. Мұндай әрекеттер бір жылдың ішінде тағы да қайталанар болса, айыппұл мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке дейін артып, 10 тәулікке дейін қамау жазасы қолданылмақ.
Судья ішкі тәртіп пен талаптарды өрескел бұзғандарды сот отырысы залынан шығарып жіберуге де құқылы. Егер сот отырысындағы тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар болса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы мәселені шешу үшін сот материалдарды прокурорға жібереді.
Ел заңдары сот отырыстарына қатысушылардан мемлекеттік сот билігін құрметтеуді талап етеді.
Асқар ПАРМАНОВ,
№2 аудандық сотының судьясы.
Айыртау ауданы.