Кеше бесінші шақырылымдағы Петропавл қалалық мәслихатының кезектен тыс қырқыншы сессиясы өтті.
Халық қалаулылары сессияның күн тәртібіне енгізілген “Петропавл қаласының Құрметті азаматы” атағын беру туралы мәселені қарады. Қала әкімінің орынбасары Елена Балло жиналғандарды бұл құрметті атаққа ұсынылған Сұраған Көпеев пен Александр Казанцевтің өмір жолдарымен таныстырды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Сұраған Мырзахметұлы жарты ғасырға жуық ғұмырын құқық қорғау органдарында қызмет етуге арнаған. Еселі еңбегі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен атап өтілген. Ол бүгіндері де қатардан қалған жоқ, облыстық ішкі істер департаменті бастығының кеңесшісі және ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып жүр.
Александр Казанцев – өңірімізге белгілі кәсіпкер, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, облыс орталығының қоғамдық өміріне белсене қатысады. Еңбек жолын слесарьлықтан бастаған ол – қазір ірі кәсіпорынның басшысы.
Халық қалаулылары бұл кандидатураларды бірауыздан қолдады. Бүгіндері осы атаққа 16 адам ие болып отыр.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.