Кеше алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың үшінші сессиясы өтті. Сессияның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, аудандық мәслихаттардың хатшылары, облыстық ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты.
– Облыстық бюджетке 2015 жылы 114,5 млрд. теңге кіріс түсті. Оның ішінде салықтық түсімдер – 12,6 млрд.теңге, салықтық емес түсімдер – 1,08 млрд.теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 10,8 млрд.теңге және трансферттер – 100,7 млрд. теңге, – деді өңір бюджетінің атқарылуы туралы баяндаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов.
Бұл қаржы бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға жұмсалды. Атап айтқанда, кәсіпкерлік пен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруға, білім беру нысандарының құрылысын аяқтауға жұмсалды. Сондай-ақ, бұл қаржының есебінен зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы төленген.
Сессияда Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев пен Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары Жанар Мәкенова 2015 жылға арналған Солтүстік Қазақстан облысы аумағын дамыту бағдарламасының жергілікті жерде орындалу барысы туралы баяндады.
Аудан басшылары әлеуметтік-экономикалық дамудағы оң өзгерістерге тоқтала отырып, жоспарлы индикаторлардың жүзеге асырылу барысын тілге тиек етті. Мысалы, Есіл ауданының жалпы облыс өнеркәсібіндегі үлесі 1,6 пайызды құрайды. 2015 жылы аудан кәсіпорындары қолданыстағы бағамен 2655,1 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімін шығарды, бұл 2014 жылғы деңгейден 2,6 пайызға көп.
Сессия есімдері елімізге жақсы танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері Қожахмет Балахметовке, Ғазез Есмұқановқа және Иван Куропаткинге “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағын беру туралы шешім қабылдады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.