«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫ

Қызылжар ауданындағы Асаново ауылында туып, сол жерде орта білім алған Серік Мырзабаев 30 жылдан бері табан аудармай құрылыс саласында еңбек етіп келеді.

Осыдан 30 жыл бұрын облыс орталығындағы құрылыс нысандарында тасқалаушы, дәнекерлеуші болып еңбек жолын бастаған Серік Құрмашұлы өзі туып-өскен Асаново ауылында неміс отбасыларымен тығыз араласа жүріп, тиянақтылықты, мұқияттылықты, ұқыптылықты, тәртіптілікті үйренген екен. Сол қасиеттер күні бүгінге дейін кәдеге асып жүрген көрінеді. Ресей Федерациясында еңбек еткен 10 жылдай уақытты кәнігі құрылысшы тәжірибе мектебі деп есептейді.

– 1987 жылы РФ-ның Ханты-Манси автономиялы округінің Нягань қаласындағы мұнай станциялары мен тұрғын үй құрылысына дәнекерлеуші, монтаждаушы болып жұмысқа кірген едім. Сол баяғы орта біліміммен, өздік ізденуіммен біртіндеп бригадирлікке көтерілдім, прорабтың қызметін атқардым, кейін учаске бастығы болдым. Сол жерде 2002 жылға дейін еңбек еттім. Кейін 37 адамнан бригада құрып, тағы 5 жыл Омбы қаласында тұрғын үй салумен айналыстым. Құрылыстың қыр-сырын сонда жүріп үйрендім. Кәсіби оқуға мүмкіншілігім болмады, өмір мектебінен ғана өттім, – дейді Серік Мырзабаев.  

2007 жылы “Альфа-Север” ЖШС құрылғанда, кәсіпорын директоры Андрей Капустин құрылыс саласын жақсы білетін байырғы танысы Серік Құрмашұлын басшылық қызметке арнайы шақырыпты. Содан бері осы серіктестіктің прорабы ретінде Қызылжар ауданының Бескөл ауылында “Мирас” балабақшасының, облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында 3 көпқабатты тұрғын үй құрылысының пайдалануға берілуіне, Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылының жанында Сары мен Сүйір батырлардың кесенесін тұрғызуға өзіндік үлес қосты. Бұл күндері үстіміздегі жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілуі жоспарланып отырған мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) ғимаратының құрылысына да басшылық жасап жүр.

– Қазір ХҚКО мен бесқабатты 72 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын қатар жүргізіп жатырмыз. Биыл Құрылысшы күні қарсаңында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолынан “Құрметті құрылысшы” төсбелгісін алдым. Бәрінен бұрын пәтер кезегінде ұзақ жыл тұрып, баспанаға қол жеткізіп жатқан отбасылардың шынайы қуанышын өз көзіңмен көргеннен артық не бар?! Құрылысшы еңбегінің жанғаны осы емес пе?! – дейді Серік Мырзабаев.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: С.Мырзабаев.

 Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp