«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚҰРМЕТ” ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ел дамуы жолында түрлі салада жемісті қызмет етіп келе жатқан азаматтардың кеуделеріне орден-медаль тағылып, атқарған толайым еңбектеріне жылы лебіз бен алғыс айтылды. Олардың қатарында жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның құрметті журналисі Кәрібай Мұсырман да бар. Халық қалаулысына Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин “Құрмет” орденін салтанатты жағдайда табыс етті.

Саналы ғұмырының отыз бес жылдан астамын өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына арнаған Кәрібай Иманжанұлы осы уақыт бедерінде үлкен журналистік жолдан өтті: облыстық және қалалық телерадиокомпаниялар мен газеттерді басқарды, отандық журналистиканың дамуына үлес қосты, қоғамдық жұмыстармен де айналысты.

Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының облыстық филиалына жетекшілік еткен жылдары өңірімізде мемлекеттік тілдің мерейін асыру бағытында атқарған жұмыстары да жұртшылықтың жадында. Қаламгерлікке баулыған шәкірттері бүгінде журналистік жолда жемісті қызмет атқарып келеді. “Бұл – менің ұзақ жылдар бойғы еңбегіме және “Нұр Отан” партиясынан сайланған депутат ретінде хал-қадерімше атқарған екі жарым жылдық қызметіме Тұңғыш Президентіміз – Елбасы тарапынан берілген жоғары баға”, – дейді Кәрібай Иманжанұлы.

Халықтың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап жүрген Мәжіліс депутатының бұл марапаты – біздің ұжым үшін де зор мерей.

“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің ұжымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp