Петропавлдық “Қызылжар арландары” спорт клубының өкілі – Мұхит Тұрсынов “Құрмет” орденімен марапатталды.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы “ҚазМедиаХолл” киноконцерт залында Қазақстан Республикасының “Қазақ күресі” федерациясы 2019 жылды қорытындылаған болатын. Төл өнерімізді дамытуға сүбелі үлес қосқан сала мамандары, үстіміздегі жылы спорттық мансабында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар марапатқа ие болды. Салтанатты шара барысында федерация президенті, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев үздіктердің қатарынан көріне білген жерлесімізге жоғары награданы табыстады.
Петропавлдық балуан биыл Қызылорда қаласында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты мен Ақтөбе қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен республикалық V фестивальда жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ, Мұхит Тұрсынов спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы кубогының іріктеу және ақтық кезеңінде жергілікті клубтың жеңіске жетуіне үлесін қосты.