Дертті дер кезінде анықтау – саулық кепілі. Ал емделу үшін алдымен оның алғашқы белгілерін білген жөн. Сіздер газетіміздің “Денсаулық” бетіне хат жолдап, сырқат түрлерінің белгілері мен емделу жолдары жайында толық мағлұмат ала аласыздар. Ол үшін газетіміздің мекенжайына, не болмаса электронды поштасына хат жолдасаңыз жеткілікті. Сауалдарға облысымыздың білікті дәрігерлері жауап беретін болады. Бүгінгі хаттың иесі – қызылжарлық Айжан. Ол газетіміздің электронды поштасына хат жолдаған екен. Хатында өзінің екіқабат екендігін жазады. Жүктілік мерзімі алты айға жетіпті. Ол құрсақтағы сәбиінің, әдеттен тыс көп қимылдайтындығын айтады. Жас ана жүктілік кезіндегі мұндай жағдай жайында ақпарат берсе екен деген өтінішін білдіріпті.
Сауалға облыстық перинаталдық орталықтың әйелдер консультациясы бөлімшесінің меңгерушісі Оксана Ильина жауап береді:
– Айжан, сіздің жағдайыңызда бала 30 сантиметрге дейін өсетіндігін ұмытпаңыз. Салмағы шамамен 700 грамды құрайды. Жүктіліктің алты айы – екінші триместрге жататын уақыт. Бұл триместрде анасының жатырында жатқан нәресте қылық шығарып, өзіне назар аудартқысы келеді. Жатырдағы болашақ сәби қимылдайды, аяқтарымен тебеді.
Алтыншы айда сәби үнемі қозғала бермеуі де мүмкін. Кейде анасы ояу жүргенде ол ұйықтап жатады. Жатырда жатып, ықылық атып, жөтелуі ғажап емес. Көзін сығырайтып, шекесін тыжырайта алады. Осы уақытта шарананың ішкі ағзаларының барлығы қалыптасып үлгереді. Ол сыртқы дауыстарды естиді. Тіпті, қатты дауыстардан селк ете түсуі мүмкін. Сол себепті сәбиіңізбен қазірден бастап сөйлесіп, өлең айтып, еркелетуіңізге болады. Ұрыс-жанжалдан сақ болыңыз. Себебі, ашу-ыза сәбидің жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін.
Бұл кезеңде екіқабат әйелдерде С, D дәрумендеріне қажеттілік артады. Сәбидің қан жасушалары мен жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуы үшін фолий қышқылын пайдалану керек. Аллергияңыз болмаса, цитрустық жемістерді көбірек жеңіз. Балық, ірімшік және сүт тағамдарын тұтыныңыз. Қаназдықтан қарақұмық, бұршақ сақтайды. Бұл тағамдарды дастарқаныңыздан алмаңыз.
Жас аналарға айтарымыз: іштегі сәбиіңіздің тосын мінезін байқасаңыз, не болмаса өзіңізді нашар сезінсеңіз, бірден дәрігерге көрініңіз.