Ресми деректерге сүйенсек, елімізде әрбір жетінші отбасы бір сәбиге зар болып отыр. Он бес мыңға жуық ерлі-зайыптының табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ. Бір перзенттің күлкісін естуге зәру жандардың дені амалы жоқтықтан экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) көмегіне жүгінетіні жалған емес. Өкініштісі сол, кейде бұл амалдан да қайран болмай жатады. Сондай сәтте ерлі-зайыптылар сәбилі болудың соңғы жолы – суррогат аналардың көмегіне жүгінеді.
«Құрсақ ана» деген кім?
Соңғы жылдары қазақ қоғамында «құрсақ ана» аталып жүрген ұғымның түпкі мәнін түсінбейтіндер көп. Адамдардың көбі суррогат аналарды өз баласын саудалайтын әйел деп ойлайды. Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжнаяның айтуынша, бұл – қате пікір. «Суррогат ана – некедегі ерлі-зайыптылардан және балалы болғысы келетін адамдардан қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану жолымен бала көтеруге, босануға келісімін берген әйел. «Неке және отбасы туралы» Заңға сәйкес «құрсақ ана» мен ерлі-зайыптылар арасында келісімшарт жасалуы керек. Суррогат ана тоғыз ай, тоғыз күн бойы құрсағындағы сәбиге бала күтуші ретінде қамқор болуы тиіс. Олар бұл қызметті тек материалдық жағдайын жақсарту мақсатында ғана атқарады», – дейді Елена Станиславовна.
«Жатырымды жалға беремін»
Ғаламторды ашып қалсаңыз осындай мәтіндегі жарнамалардан көз сүрінеді. Олардың бірі өз қызметін 5-9 миллион теңге деп бағаласа, енді бірі қалтасы одан да қалың жандарға «сәби сыйлауға» асық. Жарнама иесінің біріне телефон арқылы хабарластық. Өзін Петропавл қаласының тұрғынымын деп таныстырған ол мұндай қадамға қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында барғанын айтты. «Білуімше, «құрсақ аналардың» көмегіне жүгінетіндердің көбі қарапайым, орташа дәулетті отбасылар. Бірақ мен ауқатты жандарға қызмет көрсеткім келеді. Денсаулығымда ешқандай кінарат жоқ. Тапқан табысыма баспана сатып алуды көздеп отырмын», – деді Аделя есімді әйел.
Суррогат аналарға бірреттік төлемақыдан бөлек ай сайын жәрдемақы төленіп отыруы тиіс. Медициналық тексерістер мен скринингтік талдауларға жұмсалатын қаржы бөлек есептеледі екен. «Жатырын жалға беретін» қыз-келіншектер Шымкент, Астана және Алматы қалаларында көп шоғырланған. Біз көз жүгіртіп шыққан жарнама иелерінің 60-70 пайызы өздерін ірі мегополистердің тұрғындарымыз деп көрсетіпті. Мұндай жарнамалар сайттардан бөлек «TikTok», «Instagram» сияқты әлеуметтік желі парақшаларында да қаптап жүр.
Бір перзентке зәру
Петропавл қаласының тұрғыны Майра Әшірбекқызы – суррогат ана болуға лайықты адам іздеп жүргендердің бірі. Бала кезінде ауыр жарақат алып, ана болу бақытынан айырылған оның көрінбеген дәрігері мен қаралмаған емшісі қалмапты. 8 жасында жатырынан айырылған жанның жүрегіне үміттің отын жағуға «менмін» деген мамандардың өзі қауқарсыз. Өйткені Қазақстанды айтпағанда, әлемнің озық елдерінде жатырды трансплантациялау операциясы өте сирек жасалады. Майраның 25 пен 34 жас аралығындағы, кішкентай сәбиі жоқ, денсаулы ғына байланысты ешқандай жерде есепке тұрмаған келіншек іздеп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. «Менің ең басты талабым: күйеуі болмауы керек. Өзіме ұнаған әйелге 6 млн. теңге бірреттік төлем және ай сайын 250 мың теңге жалақы беруге мүмкіндігім бар. Ең бастысы өмірге дені сау бала әкелсе болғаны», – дейді ол.
Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжнаяның айтуынша, «құрсақ ананың» дүниеге сау бала әкелетініне ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Сәбидің дімкәс, аурушаң, тіпті даун синдромымен дүниеге келуінің нақты себебі бүгінге дейін зерттелмеген. Мұндай аурулардың көбі генетикалық бұзылыстардан (яғни аталық ұрықтың сапасыздығынан), жүкті әйелдің бірінші триместрде (1-3 ай) инфекция жұқтыруынан, ауыр токсикоздан пайда болады екен.
Өңірде қанша суррогат ана бар?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева жауапты ведомствода бұл мәселемен айналысатын арнайы бөлімнің не маманның қарастырылмағанын айтты. «Құрсақ аналардың» статистикасы да жасалмайды. Сондықтан маман «Біздің өңірде заңды түрде тіркелген қанша суррогат ана бар?» деген сауалымызды жауапсыз қалдырды. Ал облыста бедеулік диагнозы бойынша 600-ден астам ерлі-зайыпты есепте тұр. Олардың екі жүзден астамы «Аңсаған сәби» бағдарламасының көмегіне жүгінген. Нәтижесінде 55 сәби дүниеге келіпті.
Ата Заңымызда жазылғандай, мемлекеттің ең басты байлығы – адам, оның өмірі мен бостандығы. Осы ретте бізді «құрсақ ана» қызметі адам құқықтарының сақталуымен қаншалықты үйлеседі?» деген сұрақ толғандырады. Аталған қызмет түрінің қосымша табыс көзіне айналып отырғаны қоғам өкілдерін де алаңдатуда. Суррогат ана қызметін коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салу туралы 1985 жылғы Дүниежүзілік медициналық қауымдастықтың (WMA) Брюссель декларациясында айтылған. Әлемнің АҚШ (кей штаттары), Қытай, Жапония, Түркия, Германия, Франция, Испания, Польша, Португалияда сынды елдерінде «құрсақ анаға» тыйым салынғанын айта кеткеніміз жөн. Ұлы- британия, Нидерланды, Мажарстан, Дания, Бельгия сияқты елдерде суррогаттық табыс көзі емес, қайырымдылық ретінде қолданылады екен. Ал Оңтүстік Африка, Ресей, Украина, Беларусь, Грузия сияқты елдерде суррогаттық «жалдамалы жатыр» ретінде дамып жатыр. Бұл тізімде Қазақстан да бар.
Ата дініміз не дейді?
«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбековтің айтуынша, мұсылман елдерінде суррогаттыққа үзілді-кесілді тыйым салынған. Өйткені ата дініміз «құрсақ ана» қызметін құптамайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасында былай делінген: «Бұл әдіс бойынша ерлi-зайыптылардан алынған аталық ұрық пен аналық клетканы арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, құрсақ ана қызметiн ақылы немесе ақысыз түрде атқаруға ризашылығын бiлдiрген бөтен әйелдiң жатырына салады. Мұндай жолмен бала табуға шариғатта рұқсат жоқ». Қалай десек те адам «құрсақ ананың» көмегіне немесе суррогат ана болуға шекесі шылқығаннан келіспейді. Бұл мәселенің астарында үлкен әлеуметтік түйткіл жатыр.
Асылзат АРҒЫНБАЙ,
«Soltüstık Qazaqstan».