«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРСАҚ АНА БОЛУДЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде әрбір жетінші отбасы бір сәбиге зар болып отыр. Он бес мыңға жуық ерлі-зайыптының табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ. Бір перзенттің күлкісін естуге зәру жандардың дені амалы жоқтықтан экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) көмегіне жүгінетіні жалған емес. Өкініштісі сол, кейде бұл амалдан да қайран болмай жатады. Сондай сәтте ерлі-зайыптылар сәбилі болудың соңғы жолы – суррогат аналардың көмегіне жүгінеді.

«Құрсақ ана» деген кім?

Соңғы жылдары қазақ қоға­мында «құрсақ ана» аталып жүр­ген ұғымның түпкі мәнін түсін­бейтіндер көп. Адамдардың көбі суррогат аналарды өз баласын саудалайтын әйел деп ойлайды. Облыстық перинаталдық орта­лықтың директоры Елена Ка­люжнаяның айтуынша, бұл – қате пікір. «Суррогат ана – не­кедегі ерлі-зайыптылардан және балалы болғысы келетін адам­дардан қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану жолымен бала көтеруге, босануға келісімін берген әйел. «Неке және отбасы туралы» Заң­ға сәйкес «құрсақ ана» мен ерлі-зайыптылар арасында келісім­шарт жасалуы керек. Суррогат ана тоғыз ай, тоғыз күн бойы құрсағындағы сәбиге бала кү­туші ретінде қамқор болуы тиіс. Олар бұл қызметті тек материал­дық жағдайын жақсарту мақса­тында ғана атқарады», – дейді Елена Станиславовна.

«Жатырымды жалға беремін»

Ғаламторды ашып қалсаңыз осындай мәтіндегі жарнамалар­дан көз сүрінеді. Олардың бірі өз қызметін 5-9 миллион теңге деп бағаласа, енді бірі қалтасы одан да қалың жандарға «сәби сый­лауға» асық. Жарнама иесінің біріне телефон арқылы хабар­ластық. Өзін Петропавл қаласының тұрғынымын деп таныстыр­ған ол мұндай қадамға қаржы­лық жағдайын жақсарту мақса­тында барғанын айтты. «Білуім­ше, «құрсақ аналардың» көмегі­не жүгінетіндердің көбі қарапа­йым, орташа дәулетті отбасылар. Бірақ мен ауқатты жандарға қызмет көрсеткім келеді. Ден­саулығымда ешқандай кінарат жоқ. Тапқан табысыма баспана сатып алуды көздеп отырмын», – деді Аделя есімді әйел.

Суррогат аналарға бірреттік төлемақыдан бөлек ай сайын жәрдемақы төленіп отыруы тиіс. Медициналық тексерістер мен скринингтік талдауларға жұмса­латын қаржы бөлек есептеледі екен. «Жатырын жалға беретін» қыз-келіншектер Шымкент, Ас­тана және Алматы қалаларында көп шоғырланған. Біз көз жүгіртіп шыққан жарнама ие­лерінің 60-70 пайызы өздерін ірі мегополистердің тұрғындарымыз деп көрсетіпті. Мұндай жарна­малар сайттардан бөлек «TikTok», «Instagram» сияқты әлеуметтік желі парақшаларында да қаптап жүр.

Бір перзентке зәру

Петропавл қаласының тұр­ғыны Майра Әшірбекқызы – суррогат ана болуға лайықты адам іздеп жүргендердің бірі. Бала кезінде ауыр жарақат алып, ана болу бақытынан айырылған оның көрінбеген дәрігері мен қаралмаған емшісі қалмапты. 8 жасында жатырынан айырылған жанның жүрегіне үміттің отын жағуға «менмін» деген маман­дардың өзі қауқарсыз. Өйткені Қазақстанды айтпағанда, әлемнің озық елдерінде жатырды трансплантациялау операциясы өте сирек жасалады. Майраның 25 пен 34 жас аралығындағы, кішкентай сәбиі жоқ, денсаулы ғына байланысты ешқандай жерде есепке тұрмаған келіншек іздеп жүргеніне бірнеше жыл­дың жүзі болыпты. «Менің ең басты талабым: күйеуі болмауы керек. Өзіме ұнаған әйелге 6 млн. теңге бірреттік төлем және ай сайын 250 мың теңге жалақы беруге мүмкіндігім бар. Ең бас­тысы өмірге дені сау бала әкелсе болғаны», – дейді ол.

Облыстық перинаталдық ор­талықтың директоры Елена Ка­люжнаяның айтуынша, «құрсақ ананың» дүниеге сау бала әке­летініне ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Сәбидің дімкәс, аурушаң, тіпті даун синдромымен дүниеге келуінің нақты себебі бүгінге дейін зерт­телмеген. Мұндай аурулардың көбі генетикалық бұзылыстар­дан (яғни аталық ұрықтың сапа­сыздығынан), жүкті әйелдің бірінші триместрде (1-3 ай) ин­фекция жұқтыруынан, ауыр токсикоздан пайда болады екен.

Өңірде қанша суррогат ана бар?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хат­шысы Гүлнәр Қалиева жауапты ведомствода бұл мәселемен ай­налысатын арнайы бөлімнің не маманның қарастырылмағанын айтты. «Құрсақ аналардың» ста­тистикасы да жасалмайды. Сон­дықтан маман «Біздің өңірде заңды түрде тіркелген қанша суррогат ана бар?» деген сауалы­мызды жауапсыз қалдырды. Ал облыста бедеулік диагнозы бо­йынша 600-ден астам ерлі-за­йыпты есепте тұр. Олардың екі жүзден астамы «Аңсаған сәби» бағдарламасының көмегіне жүгінген. Нәтижесінде 55 сәби дү­ниеге келіпті.

Ата Заңымызда жазылған­дай, мемлекеттің ең басты байлығы – адам, оның өмірі мен бостандығы. Осы ретте бізді «құрсақ ана» қызметі адам құ­қықтарының сақталуымен қаншалықты үйлеседі?» деген сұрақ толғандырады. Аталған қызмет түрінің қосымша табыс көзіне айналып отырғаны қоғам өкіл­дерін де алаңдатуда. Суррогат ана қызметін коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салу туралы 1985 жылғы Дүние­жүзілік медициналық қауымдас­тықтың (WMA) Брюссель декла­рациясында айтылған. Әлемнің АҚШ (кей штаттары), Қытай, Жапония, Түркия, Германия, Франция, Испания, Польша, Португалияда сынды елдерінде «құрсақ анаға» тыйым салынға­нын айта кеткеніміз жөн. Ұлы- британия, Нидерланды, Ма­жарстан, Дания, Бельгия сияқты елдерде суррогаттық табыс көзі емес, қайырымдылық ретінде қолданылады екен. Ал Оңтүстік Африка, Ресей, Украина, Бела­русь, Грузия сияқты елдерде суррогаттық «жалдамалы жа­тыр» ретінде дамып жатыр. Бұл тізімде Қазақстан да бар.

Ата дініміз не дейді?

«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбе­ковтің айтуынша, мұсылман ел­дерінде суррогаттыққа үзілді-кесілді тыйым салынған. Өйт­кені ата дініміз «құрсақ ана» қыз­метін құптамайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы­ның пәтуасында былай делінген: «Бұл әдіс бойынша ерлi-зайып­тылардан алынған аталық ұрық пен аналық клетканы арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтан­дырып, құрсақ ана қызметiн ақылы немесе ақысыз түрде атқа­руға ризашылығын бiлдiрген бө­тен әйелдiң жатырына салады. Мұндай жолмен бала табуға ша­риғатта рұқсат жоқ». Қалай десек те адам «құрсақ ананың» көмегі­не немесе суррогат ана болуға шекесі шылқығаннан келіспейді. Бұл мәселенің астарында үлкен әлеуметтік түйткіл жатыр.

Асылзат АРҒЫНБАЙ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp