«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРТҰРЛАҒАН МЕН ТҮЛКІОЙНАҚ

Облыс орталығынан шалғайырақ жатқан Жамбыл ауданындағы елді мекендердің ресми атауларымен бірге тұрғындар арасында кең таралған халықтың өзі қойған аттары да бар. Сәл әріге жылжысақ, XVIII ғасырда Екатерина ІІ патшайымның сарай төңкерісінен кейінгі әмірі жүріп тұрған кез. Оның өткір көзі кең-байтақ, аяқ баспаған, ешкім тұрақтамаған құнарлы да шұрайлы жерлерге түседі. Бұл жерде игерілмей бос жатқан Еділ бойының жөні бір басқа. Бұлардан кейін тұлпардың тұяғы, құстың қанаты талатын қазақ жері тұрғаны белгілі. Міне, сол кезден бастап патшайымның пәрменімен жаппай көші-қон басталған.

Жамбыл ауданындағы Екатериновка ауылы бүгінде аты айтып тұрғанындай сол Екатерина патшайымнан қалған “мұра” іспетті. Мұрағаттан алынған құжаттардың бірінде былай делінген: “Омбы архивінен алынған 1911 жылғы дерек бойынша Екатериновка селосы 1895 жылы орнаған. Селоның ресми атауы “Атабай” деп аталған. 1930 жылы Екатериновка селолық кеңесіне қарасты Екатериновка селосында “Ворошилов” колхозы құрылды. Ворошилов колхозы 9.02.1935 жылы Қостанай облысы Пресногорьков ауданы құрамына, 28.07.1938 жылы қайтадан Солтүстік Қазақстан облысына Преснов ауданы берілді. Бірінші переселендер Воронеж губерниясынан келген. 24 қараша “Екатерина мерекесі” болғандықтан Екатерина патшайымның жарлығымен жаңа селоға “Екатериновка” атауы берілді”.

Ал осы төңіректе тұратын қазақтар оны “Құртұрлаған” деп кеткен. Бұл атау қайдан шықты дегенге келсек, жаяу-жалпылап, аш-жалаңаш күйде жұмақ болатын жер іздеп, қоныс аударғандардың сол кездегі жағдайлары түсінікті ғой. Талғажау ететін түктері жоқ келімсектер, ұрлық жасап та жандарын сақтаған. Қазақтың нәрлі тағамы, кейде жел қағатын, күннің көзі түсетін қораның төбесіне қалдырылатын құртты жиі ұрлаған көрінеді. Қазанда қайнап дайын болған құрт қапқа салынып, сорғыту үшін шошала ішіне ілінетінін де біліп алған олар төбесінен түсіп те ұрлап жеген. Осылайша, бұрынғы “Атабай” атауынан гөрі халықтың өзі қойған “Құртұрлаған” кең танымал.

Іргелес жатқан тағы бір елді мекен – Святодуховка ауылының тарихына шамамызша шолу жасайық. Кезінде Тимирязев ауданына қараған бұл ауылдың негізін 1907 жылы Украинаның сонау Житомир және Винницк облыстарынан және басқа да жерлерінен келген қоныс аударушылар қалаған көрінеді. Сөйтіп, бұрынғы Әлти қыстауының маңына аталмыш село салынады. Оның атауы бір кездері “Берия”, кейінгі бір жылдары “Чапаево” деп те өзгертілген. Соғыс аяқталғаннан кейін селоның атауы Святослав Духов дегеннің құрметіне “Святодуховка” деп аталған.

Бұл ауылдың ежелден бері келе жатқан атауы – “Түлкіойнақ”. Ауылдың маңында ойшұңқырлар әлі күнге дейін бар. Міне, соларда түлкінің індері көп. Сондықтан да ол жерлер түлкілердің нағыз мекеніне айналған. “Түлкіойнақ” содан қалған атау деседі. Кейінгі жылдары жер жаппай жыртылып, егін егілген соң түлкілер де сиреген.

“Ресейдегі 1861 жылғы реформа жерге қатысты өткір мәселені, әсіресе, орталық және оңтүстік аймақтар бойынша түпкілікті шеше алмады. Ендігі кезде басыбайлықтан босауды ойлаған шаруалар құнарлы жер іздеп шығысты бетке алып шұбыра бастаған. Атпен, өгізбен ғана емес, жаяу-жалпылап жол тартқан. Көнекөздердің айтуына қарағанда, Святодуховка ауылын патшайым Екатеринаның қол астында қызмет еткен казактар құрған деседі. Сөйтіп, Петропавл жер комитетінен рұқсат алған бір топ казак уақытша тұратын баспана салып, алыста қалған өздерінің отбасыларын көшіре бастаған. Олар осылай біртіндеп көбейе берген”, – деп жазады редакциямызға жолдаған хатында Жамбыл ауданының Святодуховка ауылындағы Сәбит Мұқанов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі И. Бабенко.

Қазір қазағы қалың Жамбыл ауданында 53 елді мекен бар. Солардың 19-ның атауы ғана қазақша, ал қалған 34-і – орысша.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp