«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ ҚЫРСЫЗДЫҚТАР

Бармақ басты, көз қысты әрекеттер көбіне құрылыс саласында жиі орын алып жататыны жасырын емес. Кезекті бір былық Ақжар ауданында әшкереленді. 2019 жылдың аяғында Талшық  кентінде  дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Сыртқы келбетіне қарасаң, көз тоярлық. Техникалық қадағалаушы  органдар мердігер ұйым тарапынан ешқандай  кінәрат таппаған. Яғни, кешеннің құрылысы толық аяқталғанына қарамастан электрмен, сумен қамтамасыз етуге арналған құрал-жабдықтардың орнатылмағанына көз жұма қараған. Бәрі тап-тұйнақтай деп қабылдай салған. Биыл прокуратура қызметкерлері құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне  жоспардан тыс тексеру жүргізіп, осындай  көзбояушылықтарды анықтады.

Тексеру материалдары көрсеткендей, тапсырыс беруші мен техникалық қадағалаушы орган қабылдау актісіне еш ойланбастан ирелеңдетіп қол қоя салған. Шын мәнінде нысан ішінде электр қуаты, сумен жабдықтау жүйесі, технологиялық жабдықтар, сигнал беру құралдары болмай шыққан. Бір таңғаларлығы, бұл былыққа тек тапсырыс беруші ғана кінәлі деп танылған. Ал қалған жауапты тұлғалар судан таза, сүттен ақ болып шыға келген. Осыған ұқсас оқиға облыс орталығында салынған 12 қабатты үй құрылысында да  кездескен.

Жалғыз-жарым жайт болса жылы жауып қоя салуға да болар еді. Бірақ жегі құрттай дендеп бара жатқаны алаңдатады. Айыртау ауданында орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені бойынша техникалық қадағалауды жүзеге асырған “Стадия” ЖШС-нің сарапшылары бас мердігер “Севимсталькон” құрылыс ұйымы жіберген олқылықтар түзетілмеген деген қорытынды жасаған. Жобалау-құрылыс құжаттарындағы ескертулер сол күйінде қалған, жұмыс кестесінен ауытқу, құрылыс аумағын қоршамау сияқты кемшіліктер түзетілмеген. Мұндай  бұра тартушылықтарды мемлекеттік инспектордың қайтып байқамай қалғаны күмән тудырады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp