
Облыс орталығындағы Уәлиханов көшесінің бойында жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистер атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
2019 жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстарына бастапқыда “Құрылыс-Сервис СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 170 жұмысшысы тартылды. Серіктестік директоры Мурат Харсиевтің айтуынша, содан бері негізгі шаруа 95 пайызға аяқталды. Қазір 40-қа жуық қызметкер нысанның ішін және сыртын әрлеуде. Одан кейін қасбеті мен қабырғаларын әртүрлі түске бояйды. Жалпы құрылысқа бюджеттен 1 млрд. 680 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда мердігер оның 98 пайызын игеріп отыр.
Жалпы ауданы 4 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты мектеп бірнеше блоктан тұрады. Солардың бірінде асхана, спорт және акт залдары орналасқан.
– Бригадамызда 12 адам бар. Олардың 8-і мектептің ішін әрлеп жатса, төртеуіміз мектептің қасбетін ретке келтірудеміз. Жұмыс ауыр емес. Соған қарамастан маман жетіспейді. Әсіресе кафель төсейтіндер мен саңылауларды бітейтін білікті жұмысшылар аз. Жалақымызды уақытылы аламыз. Еңбекақымыз кей кездері 500 мың теңгеге дейін жетеді, – дейді әрлеу жұмыстарының шебері Эвалдас Галинскас.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта мектеп алаңы абаттандырылып, жарықтандырылады. Яғни, стадион салынып, асфальт төселіп, шағын архитектуралық мүсіндер орнатылады.
Жаңа ғимараттың іші кең әрі жарық. Соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталатын мектепте оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалады. Заманауи үлгіде салынған білім ошағы ұстаздар мен оқушыларға ғана емес, ата-аналарға да қуаныш сыйлайтыны анық. Барлық жұмыс мамыр айының аяғында аяқталады деп күтілуде.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.