«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАРҚЫН БЕРЕТІН БОЛАДЫ

Өткен жылдың соңында “Единство” ЖШС республикалық “Қазақстанның үздік тауары – 2014” байқауының “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” аталымында бірінші орын алған болатын. Үздік кәсіпорын биыл индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында жүзеге асырылатын жобалардың қатарына еніп отыр. Кәсіпорын ірі панельді үй құрылысына қажетті құрастырмалы темір-бетон элементтерін өндіру жобасын қолға алды.

Бұл жобаның мақсаты – жұмыс істеп тұрған темір-бетон бұйымдары зауытын жаңғырту арқылы оның базасында индустриялық құрылыс комбинатын салу. Құны 439 миллион теңгеге бағаланып отырған жобаның жылдық қуаты 40 мың шаршы метр тұрғын үй болады деп жоспарлануда. Соған орай қаржыландыру мәселесі шешілуде, Италиядан өндірістік желінің құрал-жабдықтарын жеткізуге шарт жасалды, оларды орнататын орын дайындалуда. Сондай-ақ, жобада қосалқы трансформатор станциясын салу көзделген және кредит бойынша сыйақы ставкасына демеуқаржы жасау үшін мемлекеттік қолдау мүмкіндігі қарастырылуда. Серіктестіктің қаржылық директоры Зульфия Халитова индустриялық-инновациялық даму жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінде қолдау тапқан жобаның маусым айында өнім бере бастайтынын айтады.

Кәсіпорын қысқа мерзім ішінде бұрынғы темір-бетон бұйымдары зауытында айтарлықтай қайта жаңарту жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде өткен жылдың маусым айынан бастап өндірістік екі желі іске қосылып, құрылысқа қажетті темір-бетон өнімдерін бере бастады.

– Аталмыш желілер бұрынғыларынан мүлде өзгеше, жаңа технология бойынша жұмыс істейтін олардың еңбек өнімділігі еселеп артты. Айталық, темір-бетон өнімдерін қалыпсыз құятын бірінші желінің өңірімізде әзірге баламасы жоқ. Тәулігіне 320 шаршы метр жамылғы бетон өнімдерін шығарамыз. Әрі қазір кептіру жылуы таспалардың астынан берілетіндіктен, өнім сапасы да арта түсті.

Ал екіншісі – шайқап нығарлағыш желі. Онда орнатылған италиялық “РОВЕЛИ” қондырғысы бір ауысымда 50-60 құбыр құрсауын шығарады. Бұрын ол 6-8 құрсаудан аспайтын. Өндірілген өнімдер негізінен облыс құрылысшыларының қажетін өтейді, олардың тапсырысына сай жұмыс жүргіземіз, – дейді серіктестік директоры Сергей Демьяненко.

Кәсіпорындағы ең тәжірибелі мамандардың бірі – директордың өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Әлібек Сағадиев зауытта 1983 жылдан бері қызмет етеді. Оның айтуынша, әзірге іске қосылған екі желіде өндіріс өнімділігі 4-5 есе артыпты. Бұрынғы темір арматураның орнына беріктігі өте жоғары, композициялық шыны шыбықшалар пайдаланылады екен. Бетон ішіндегі қуысшалар да автоматты түрде бірден жасалады. Солардың бәрі компьютер арқылы басқарылып, бақылауға қойылғандықтан, өндіріс ырғағына ақау түсірмейді. Қалыпсыз таспаға құйылған бетон мұқият қымталып жабылып, кептіруге қойылады. Осы жұмыстың бәрін бір ауысымда 10 адам атқарады, яғни екі ауысымдық желіде небәрі 20 адам еңбек етеді. Оларға Вадим Бокарев және Талғат Түгінбаев сияқты білікті бригадирлер жетекшілік етеді. Ондағы өнім сапасын осы италиялық желі қондырғысының бақылаушы шебері Алмас Қармен үнемі бақылауда ұстайды.

Валерий Макаренко жетекшілік ететін шайқап нығарлағыш “РОВЕЛИ” қондырғысында екі ауысымда 12 адам еңбек етеді. Онда өндірілген өнімдерге сұраныс көп. Кәсіпорын ұжымы бұрнағы жылы қолға алынған қайта жаңарту жұмыстарының осы жетістіктерімен ғана шектеліп қалмай, өздерінің басты мақсаты – ірі панельді үй құрылысына қажетті темір-бетон конструкцияларын шығаратын желі құрылысына кірісіп те кетті.

Бұрынғы темір-бетон бұйымдары зауытының ауқымды бөлігін алатын кәсіпорында қайта жаңарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Оның алғашқы іске қосылған екі желіден басқа да өндірістік буындары жетерлік. Серіктестікте барлығы 100-ге жуық адам еңбек етеді. Жеке-жеке цемент, қиыршықтас және құм сақтайтын қоймалары бар. Бес силостық сыйымдылықтан тұратын цемент қоймасында ғана 300 тонна материал сақтай алады. Дайын өнімдер сақталатын алаңның қазір бос тұрған екінші бөлігіне асфальт төселіп, оның балкалы кранын жөндеу жоспарлануда. Онда дайындалған ірі панельді үй материалдары сақталатын болады.

“Единство” ЖШС-нің ертең іргелі үй құрылысы комбинатына айналары сөзсіз.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp