“Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның солтүстікқазақстандық филиалының халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету нарығында жұмыс істеп жатқанына тоғыз жыл толды. Осыған орай облыстық мәслихаттың бірнеше депутаты мекеме шаңырағына бас сұғып, олардың жұмыс нәтижесімен танысты.
Филиал директоры Райхан Әбдірахманованың айтуынша, солтүстікқазақстандық тұрғындардың қаржы институтына деген сенімі жылдан-жылға артып келеді. Осыдан бірнеше күн бұрын өңірлік филиал 15 мыңыншы салымшымен шартқа отырған. Екі мыңнан астам тұрғын аталмыш банк арқылы несие алып, үйлі болған немесе шаңырағын кеңейткен. Ал 2014 жылы республика бойынша ипотека құжаттаған әрбір үшінші адам аталмыш банктің қолдауын көрген. Облыстағы ипотека алушылардың жартысы осы филиал арқылы тұрғын үйлі болған. 2006 жылдан бері филиал мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 767 несие беріп, осынша отбасы жаңа қоныстойын атап өтті. Оның үстіне бұл қаржы институтынан несие алудың жолдары жылдан-жылға оңтайландырылып, берілген өтініш үш күндік мерзім ішінде қаралады.
Райхан Тілекқызының ақпаратын естігеннен кейін халық қалаулылары да мекеменің тоғыз жылдық туған күніне өздерінің жылы лебіздерін жеткізіп, ондағы қызметкерлердің жұмысына үлкен баға берді. Облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов пен “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры Кәрібай Мұсырман аталмыш филиалдың қабырғасы қаланған кезде басшылық қызмет атқарып, үлкен еңбек сіңірген Балахмет Молдиновтың игі ісін атап өтіп, бүгінгі басшының нәтижелі жұмыс істеуіне тілектерін білдірді.
(Өз тілшіміз).