Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың, басқармалар мен департаменттер жетекшілерінің, ірі кәсіпорындар басшыларының, онлайн режімде аудан, қала әкімдерінің қатысуымен облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысы өтті. Онда құрылыс және қала құрылысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалары бойынша өткен жылғы жұмыс қорытындыланып, алдағы міндеттер белгіленді.
Алқалы бас қосуда құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиевтің есебі тыңдалды. Ол жиналғандарды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды. Былтыр құрылыс жұмыстарының ауқымы 86,5 миллиард теңгені құрап, 250 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2573 пәтер бой көтеріп, көрсеткіш 15 пайызға артқан. 700 тұрғын қоныстойын тойласа, 434-і – аз қамтылғандар санатынан. 9 мың адам тұрғын үй жағдайын жақсартқан. Салаға құйылған инвестиция 29,2 миллиард теңге болып, жекеменшік компаниялардың қаражатына салынатын құрылыс нысандарының саны айтарлықтай көбейген. Баяндамашы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Биыл 280 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады. Бұл жұмыс Петропавл қаласында “Береке”, “Жас өркен” шағынаудандарында, Уәлиханов көшесінде және жеке секторда кең өріс алып, 25 көпқабатты үй тұрғызылады. Күзге таман 500 орындық қазақ театры өз есігін айқара ашады. Бірнеше мектеп бой көтереді.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, энергетикалық кешенді дамытуға былтыр 10,1 миллиард теңге, оның 4,4 миллиарды № 2 Петропавл жылу-электр орталығының негізгі құрал-жабдықтарын жаңғыртуға жұмсалған. №6-шы труба агрегатының автотрансформаторы ауыстырылып, жылына 3,4 миллиард кВт/сағат жылу қуатын өндіруге қол жеткен. 224 подстанция, 1,6 мың шақырым электр желісі жөнделген. Бұл мақсатқа 1,8 миллиард теңге бағытталып, электр құралдарының тозуы 1,3 пайызға кеміген. Өңірде биоотынмен жұмыс істейтін қазандық орнату ісі 2015 жылдан жалғасып келеді. Қазір олардың саны – 105. Соңғы бес жылда осындай қазандықтар 70 бюджеттік мекемеге қойылған. Сөйтіп, 219 миллион теңге қазына қаржысы үнемделген. Биыл 5 ауданда 53 көпқабатты үйдің жылу жүйелерін қалпына келтіру міндеті тұр.
Жиында қол жеткен жетістіктермен қатар жедел шешімін табуы тиіс өткір мәселелер де талқыға түсті. Орын алған олқылықтардың бірқатарын Құмар Іргебайұлы атап көрсетіп, жою жолдарын қарастыруды талап етті.
Қолжетімді, жайлы баспана салу мәселесі қашанда басымдыққа ие. Қазір үй кезегінде 20 мың адам тұр. Биыл 270 мың шаршы метр тұрғын үй салуға мемлекеттік бағдарламалар бойынша қомақты қаражат бөлінген. Аудан, қала әкімдері, тиісті ведомостволар, құрылыс ұйымдары белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуына тікелей жауап беретін болады. Биыл елді мекендерде 688 үй бой көтереді. Оған да қаржы жеткілікті. Әр үйдің бағасы 7 миллион теңге, оның ішінде 1,5 миллионы жалақыға төленеді. Коммерциялық негізде баспана тұрғызуға басымдық беріледі. 3 жылда 724 жер үй бұзылды. Биыл 300 үй сүріліп, олардың орнына көпқабатты баспаналар салу жоспарланған.
Құмар Іргебайұлы жоғары қарқынмен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын одан әрі ширатуды, жер учаскелерін бөлу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды оңтайландыру мәселелерінде кідіріс болмауын еске салды. Жобалық-сметалық құжаттарды рәсімдеу кешіктірілетінін, соның салдарынан салада жүйесіздіктер орын алатынын сынға алды. Бұл іспен 2-3 ұйым ғана айналысады. Жобалау нарығы жетілдіруді, озық инновациялық технологияларды қолдануды қажет етеді.
Өзекті мәселелердің бірі– жергілікті құрылыс материалдарының тапшылығы. Құрылысқа қажетті негізгі шикізат сырттан әкелінеді. Әкім жиналғандардың назарын осы проблемаға аударып, кірпіш зауытын кешіктірмей іске қосуды, сондай-ақ, студенттердің құрылыс жасақтарын ұйымдастырып, жұмыс қолы жетіспейтін учаскелерге жіберуді ұсынды.
Әкім баламалы энергия көзі саналатын биоқазандықтарды орнату арқылы жылына бюджет қаржысын жарты миллиард теңгеге дейін үнемдеу, аудандардағы 2-3 қабатты үйлерге биоотынмен жұмыс істейтін жабдықтарды орнату міндетін қойды. Ақжар, Айыртау, Есіл, Тимирязев, Уәлиханов аудандарының бұл бағыттағы белсенділігі төмен. Жоспарланған 17 әлеуметтік нысан биоотын жүйесіне ауыстырылмаған. Тұрғын үйлердің 59 пайызы ғана орталық жылу жүйесіне қосылып, былтыр 146 баспана ғана қамтылған. Орталықтандырылған су жүйесі 56,9 мың тұрғыны бар 239 елді мекенге әлі жеткізілмеген, бұл – жалпы көрсеткіштің 18 пайызы. Бұл салаға бөлінген қаржы мөлшері екі есе өсіп, 7,9 миллиард теңгені құрап отырғандықтан, әр үйге су құбырларын тарту ісіне шаруашылықтардың, кәсіпкерлердің атсалысқандары жөн. Елді газдандыру бағдарламасы бойынша өңірге 2025 жылға дейін газ құбырлары тартылуы тиіс. Құмар Іргебайұлы атқарылып жатқан нақты жұмыстардың нәтижесінде “көгілдір отын” мерзімінен бұрын жетіп қалу мүмкін екендігін айтты.
Жиында “Еңбек” бағдарламасы аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келетін тұрғындарды орналастырудың, сұранысқа ие мамандарды тұрақтандырудың, бұл қадамның экономикалық, әлеуметтік, демографиялық маңызы да сөз болды.
Құмар Ақсақалов кеңесті қорытындылай келіп, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, сапасына баса мән беруді, аз қамтылған жандар мен тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен бірінші кезекте қамтуды тиісті орындарға тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.