«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢСІМЕУГЕ ТИІС

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавлдағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, ондағы жағдаймен танысты. Сонымен қатар, Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс қарқынын байқап, жауапты ведомство басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Петромали компании» серіктестігінің диірмен-ұн үгу кешенінің іргетасы осы жылдың наурыз айында қаланған болатын. Қазіргі күні ондағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба құны 3 миллион АҚШ долларын құраса, оның бір миллионға жуығына Түркияның құрылғылары сатып алыныпты. Диірмен кешені қараша айында ашылады деп күтілуде. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұл жобаны өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ, өңір басшысы серіктестік жетекшісіне бидай егу үшін жер алып, сонымен қоса мал шаруашылығымен айналысу керек екенін де айтты. Бұл тұрғыда билік тарапынан көмек көрсетіледі.  

– Біз бидайды өңдеп, күніне 75 тонна ұн шығаратын боламыз. Таяуда сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайтын қойманың құрылысын да аяқтаймыз, – деді облыс әкімімен тілдескен серіктестік директоры Рудик Арутюнян.

Осы күні өңір басшысы, сондай-ақ, «ЛеспромСтрой Петропавловск» серіктестігінде болды. Олар бөрене мен діңгекті ағаштан жасалатын өнім түрлерін шығарумен айналысады.

– Біз бұл жерге мемлекеттік бағдарлама бойынша жол төсеп, электрқуаты мен кәріз құбырын, су желісін тарта аламыз, бірақ ол үшін сіздер өңірлік үйлестіру кеңесіне келіп, жобалық-сметалық құжатты тапсыруларыңыз қажет. Онда бизнес-жоспар, жұмыс істейтін адам саны, инвестиция көлемі, бәрін де көрсету керек, – деді серіктестік басшысымен әңгіме барысында Ерік Сұлтанов.

Облыс орталығындағы «Алаугаз СК» серіктестігі керамикалық кірпіш өндірумен айналыспақшы. Бұл үшін Қытайдан 150 мың АҚШ долларының құрылғысы алынған. Цех құрылысына серіктестік 40 миллион теңге жұмсаса, «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасымен тағы да 14,5 миллион теңге қаражат бөлініпті.

Облыс әкімі нысан жұмысымен танысу барысында өнім шығаруды кешеуілдетпеуді тапсырды. Бұдан соң Ерік Хамзаұлы «Север Интеркабель» серіктестігінің электротехникалық өнімдерді көтерме және бөлшектеп сату қоймасында болды. Мұнда қазір кеңсе мен қойманың құрылысы жүріп жатыр және 2017 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бұл күні облыс әкімі жиырмасыншы шағынауданында құрылысы басталған мәдени-сауықтыру кешеніне де ат басын тіреді. 2016 жылы бұл орында фитнес, 3-4 кино залы мен балалардың ойын бөлмелері бой көтермек. Бірақ қазір несие алу мәселесі қолбайлау болып отырған көрінеді. Басшылық тиісті құжаттарын банк қарауына өткізіпті. Алайда, одан әлі хабар жоқ. Мемлекеттен субсидия алуда да мәселелер бар.

– Нысанды 2015 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру керек. Бұл қиынға соғуы мүмкін, бірақ үлгеруге болады. Ең бастысы, осы айда қаржыландыру мәселесін қарастыру қажет. Ал субсидияға келетін болсақ, біз бұл проблеманы тез арада шешеміз, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Осы күні аймақ жетекшісі Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында іргетасы қаланып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс басында болды. Нысанның құрылысына республикалық қазынадан 253 миллион теңге қаржы бөлініпті.

– Бұл нысан жыл соңына дейін қолданысқа енгізілуі керектігін естен шығармаңыздар. Тапсыру мерзімі 25 желтоқсаннан кешікпеуі керек, ерте болса, одан да жақсы. Құрылысқа қаражат республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Сондықтан да кешігуге болмайды, – деді құрылысшылармен әңгімелескен облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені 160 орынға шақталған. Мұнда балаларға арналған спорт залы, бокс, волейбол, баскетбол алаңдары орын теппек. Құрылыс жұмыстарын қыркүйек айында бастаған мердігер компания өкілдері нысанды діттеген мерзімде іске қосамыз деп отыр.

Самат САПАРАЛЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp