

Биыл Петропавл қаласындағы бірқатар спорттық нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдарламасы аясында ел бюджетінен 91 млн. теңге бөлінген болатын. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов нысандарда болып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Өңір басшысы алдымен облыс орталығындағы олимпиадалық резервтегі “Дельфин” мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне ат басын бұрды. Спорттық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2006 жылы жүргізілген екен. Тамыз айында басталған жұмыстар барысында “Harmony pool constraction” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары бірінші қабаттағы үлкен бассейннің су тазалағыш фильтрлерін ауыстырып, сорғы құрылғыларын жаңартқан. Сондай-ақ, “Намыс Ка-зына” ЖШС-нің өкілдері нысан алдындағы өрнектастарды ауыстырып, ғимараттың кіреберісін кеңейткен. Серіктестік директоры Әділхан Аңдабаевтың айтуынша, қазіргі уақытта касса, киімжай және кабинеттерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, спорт залының едені ауыстырылуда. Бұл жұмыстарға 40485,10 мың теңге жұмсалған.
Облыс әкімі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін адам танымастай өзгерген жаттығу залында болды. “Самғау” жеке кәсіпкерлігі бұл залда 3,7 млн. теңгенің жұмысын атқарған.
Сондайақ, “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер мектебінде де күрделі жөндеу жұмыстары жүр-гізілуде. Бұл жерде “Зангар LTD” ЖШС-нің жұмысшылары ғимараттың шатырын ауыстыруда. Бұл мақсатқа бюджеттен 64,7 млн. теңге бөлінген. Мердігер компанияның директоры Серік Мәкенов өңір басшысын барлық жұмыстардың жыл соңына дейін аяқталатынына сендірді.
Бір ғасырлық тарихы бар Қызылжар ботаникалық бағы – көпшіліктің сүйікті демалыс орындарының бірі. Мұнда жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 200 млн. теңге бөлінді.
Мамандардың айтуынша, экожүйені бұзбау үшін бақтағы бірде-бір ағаш кесілмеген. Жоспарға сәйкес жұмыстардың барлығы ботаникалық бақты дамытуға, атап айтқанда, оның аумағындағы шағын сәулет нысандарын, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеуге, көшені жарықтандыруға бағытталған.
– Өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру қызметін атқарғандықтан ботаникалық бақты былтыр облыс орталығындағы “Жас дарын” қосымша білім беру мекемесінің қарауына берген едік. Ұжым да толығымен сонда көшірілді. Бұл бірегей нысанды сақтап қалып, оның дамуына жаңа серпін береді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Мердігер компания “SHATYR GROUP KZ” серіктестігі бұл жердегі шағын сәулет формаларына, қысқы баққа және кіреберіске жөндеу жүргізуде. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы шақыртылған дизайнердің көмегімен бақтың аумағын кеңейту бойынша жоба әзірленген болатын. Соған сәйкес жаңа өрнектастар төселіп, “ғашықтар аллеясы”, жасанды сарқырама салынуда. Атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген өңір басшысы мердігер компанияның басшылығына жақын маңдағы жерлерді де абаттандыруды тапсырды.
Бұдан кейін Құмар Ақсақалов “Радуга” ЖШС-нің сұйық және қатты сабын өндірісін жолға қойған жаңа фабрикасында болды. Қазір мұнда шетелдік жабдықтың көмегімен ай сайын 500 тонна сабын қайнатылады. Қажетті шикізат елімізден және Ресейдің көршілес өңірлерінен жеткізілуде.
– Мұндай өндіріс орны еліміздің басқа өңірлерінде жоқ. Сондықтан бұл өнім шетелден жеткізілетін тауарларды алмастыра алады. Дайын өнімнің бір бөлігін экспортқа да шығару жоспарлануда, – деген өңір басшысы фабрика жұмысына сәттілік тіледі.
Облыс әкімі қала іргесіндегі “Green Park” отбасылық демалыс саябағында салынып жатқан 250 орындық дәмхананың құрылысымен де танысып, Жамбыл көшесінің бойындағы заманауи футбол алаңында болды.
Қанат АТАМАНОВ,“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.