«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫС ҚЫСТА ДА ҚАРҚЫНДЫ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кеше Петропавл қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Өңір басшысы алдымен “Жас өркен” шағынауданындағы “DBK-ENGINERING” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс алаңында болды. Заманауи үлгідегі қазақ драма театрының құрылысын жүргізіп жатқан серіктестіктің өкілі Е.Кремнев атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.

Оның айтуынша, қазірде құрылысқа жұмылдырылған отыздан астам маман мен сегіз техника жер қазу жұмыстарын жүргізуде. Жаңа театрды биылғы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Заманауи ғимаратта қойылымдар, концерттермен қатар жоғары деңгейдегі әртүрлі шаралар өткізілетін болады.

Құмар Іргебайұлы бас мердігерге жұмыс барысында негізінен жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану қажеттігін ескертті.

Өңір басшысы атбасын тіреген келесі нысан – “Жас өркенде” салынып жатқан 900 орындық мектеп болды. Нысан биылғы жылдың күзінде пайдалануға берілмек. Бүгінде үш блоктан тұратын ғимараттың шатыры жабылып, инженерлік-коммуникациялық желі тартылуда. Мердігер ұйым “Севимсталькон” ЖШС-нің басшысы Султанбек Газдиевтің есебін тыңдаған Құмар Ақсақалов бюджеттік қаражатты толық игеріп, құрылысты сапалы аяқтауды міндеттеді.

– Қазір Петропавл қаласында үш ауысымдық мектептердің санын қысқарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Былтыр өңірімізге жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзекті мәселенің шешімін табуды тапсырған болатын. Білім беру нысандарының құрылысына бюджеттен 3,3 млрд. теңге бағытталды. “Жас өркен” шағынауданында заманауи Оқушылар сарайы, әмбебап теннис орталығы, Спорт сарайы салынды. Енді олардың қатары жаңа мектеппен толығады. 600 орындық тағы бір мектеп “Береке” шағынауданында бой көтеруде.

Кешенді жоспар аясында Уәлиханов көшесінің бойында тағы бір 900 орындық мектептің құрылысын қолға алу жоспарлануда, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс әкімі Жуков көшесінің бойында тұрғызылып жатқан 79 пәтерлік тұрғын үйге де барды. Шаһардың бас жоспарына сәйкес салынып жатқан панельді тұрғын үйдің құрылысына “Альфа-Север” құрылыс компаниясының мамандары мен техникалары жұмылдырылған. Бүгінде нысанға ішкі-сыртқы коммуникация жүйелері тартылған, әрлеу, есік пен терезені орнату жұмыстары аяқталған. Абаттандыру жоспары барысында тұрғын үйдің ауласында балалардың ойын және жасанды жамылғысы бар шағын футбол алаңдары салынатын болады. Бесқабатты баспана қаңтар айының соңында пайдалануға берілмек.

– Петропавл қаласында соңғы үш жылда төрт мыңға жуық пәтер берілді. Тек өткен жылы 1600 отбасы қоныстойын тойлады. Салынып жатқан осы және 332 пәтерлік тұрғын үй “7-20-25” бағдарламасы бойынша беріледі. Сондай-ақ, “Береке” және “Жас өркен” шағынаудандарында бір ауысымда 250 тұрғынды қабылдай алатын екі емхана мен көпбейінді екі аурухана, дәрігерлерге арналған тұрғын үй салу жоспарымызда бар, – деді Құмар Ақсақалов.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp