«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫШ САУЫТТЫ ПОЙЫЗ

Фашистік Германияның кеңес одағына соғыс ашуы күтпеген жағдай болғаны белгілі. Батыс шекарасының ен бойында таңғы сағат төрттен бастап ұрыс қызып, жау ел шетіне ендеп кіріп жатқанда ештеңеден қаперсіз Мәскеудегі Бүкілодақтық радио сағат жетіде күндегідей таңғы гимнастика, одан кейін алдағы егін орағына дайындық, кәсіпорындар туралы жаңалықтар беріп жатқан.

Бұл кезде Оңтүстік-батыс майданында шегініс басталып, аса қиын жағдай қалыптасады. Тықсырған жаудың қарқынын бәсеңдету және логистикалық маңызы бар көпірлер мен темір жол торабын қорғау, әскерге қолдау көрсету мақсатында Ішкі істер халық комиссиараты 28 маусымда Украинаның Канев қаласы ауданына №56 брондалған пойызды жібереді. Жеке құрам ішкі істер жауынгерлерінен тұратын пойыз сол күні Бородянки стансасы түбінде ұрысқа кірісіп, үш ай бойы жау танкілерін, жаяу әскерін жойып, ерлікпен шайқасады да 14 тамызда неміс ұшақтарының бомбалауынан соң талқандалады.

Бұл сауыт құрсанған пойыз туралы алғаш рет облыстық полиция департаменті жанындағы мұражайдың жетекшісі Любовь Осинскаядан естіген едім. Мені ерекше қызықтырғаны сол пойыздың радиобайланысшысы Аптюк Галимович Зинеевтің тағдыры еді. Осинскаяның айтуынша, ол Қызылжар қаласынан 22 жасында майданға аттанып, №56 сауытты пойызда радиобайланысшы болған. Пойыз талқандалғанда ол ауыр жараланып ессіз күйде әскери ауруханаға түседі. Команда басшылығы оны қаза тапқандар есебіне кіргізіп, Қызылжардағы Заречная көшесі, 55-үйде тұратын анасы Нағимаға қаралы қағаз жібереді. Алайда Зинеев үйіне есен-сау оралып, ұзақ жыл облыстық ішкі істер бөлімінде қызмет етіп, 1974 жылы майор шенінде зейнетке шығады.

1941 жылдың 29 желтоқсанында Оңтүстік-батыс майданның қолбасшысы маршал Семен Тимошенко мен Әскери кеңестің мүшесі Никита Хрущев қол қойған №56 сауытты пойыздың жеке құрамын ерлігі үшін марапаттау туралы №14/Н бұйрығы шығады. Бұйрыққа сай пойыз командирі капитан Петр Ищенко мен кіші саяси жетекші Василий Казарин «Ленин» орденімен, басқа жауынгерлер түрлі деңгейдегі орден, медальдармен марапатталады.

Бірақ бұл тізімде Аптюк Зинеев жоқ. Осинскаяның сөзінше, Зинеев басқалармен қатар марапатталған. Дегенмен полиция департаменті мұражайының Зинеевке арналған бұрышында да, құжаттарда да медальді де, оның куәлігін де көре алмадым. Зинеев «Неделья» газетінде жарияланған мақалада мына жолдарды келтіреді: «Жылдар өтіп жатты, мен өзімнің қарулас достарымның тағдыры туралы ештеңе біле алмадым. Тек «Крепость на колесах» фильмінде өзімді көргеннен кейін ғана көп нәрсе анықталды. Мен Мәскеуге, Қарулы Күштердің Орталық мұрағатына хат жаздым».

Маршал Тимошенконың бұйрығымен марапатталғандар тізімінде «Қызыл Ту» орденін алған Омар Ахметов екінші, Зиядин Жакупов жетінші болып тұр. Олардан басқа тізімде «Қызыл Жұлдыз» медалімен марапатталған Карбай Букетов аталады.

Фильмде зеңбірек құрамасының командирі Есет Исмаили деген жігіт көрсетіледі. Бір көріністе ол аспандағы фашист ұшақтарына қарап тұрып орысша- қазақша араластыра сөйлеп: «Как шакал ғой» дейді. Бірақ ол да бұйрықтағы тізімде жоқ. Әрине, фильмде кейіпкерлер шынайы есімдерімен атала бермейді ғой. Бір анығы №56 құрыш сауытты пойыздың жауынгерлері арасында қазақтар да болған.

Марат ЕРМҰҚАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp