«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҚҰРҒАҚ УӘДЕ ТҮБІ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ»

Гюлага Илдырымов – облыстық мәслихаттың депутаты, депутаттық өкілеттіктер, азаматтардың құқықтары мен заңдылығы, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, «Наурыз-2030» ЖШС директоры, «AMANAT» партиясының мүшесі.

Не үшін депутат болдым?

Мен облыстық мәслихаттың алты шақырылымында депутат болдым. Алғаш рет 1999 жылы екінші шақырылымда депутат болып сайландым. Қазіргі мәс­лихаттағы тәжірибелі депутат­тардың бірімін. Алғашқы үш шақырылымда өз-өзімді ұсыну арқылы сайландым. Сол кезде жауапкершілікті қатты сезіндім. Өйткені сайлаушылар партияға емес, менің өзіме тікелей дауыс берді. Бұл адамды жұмыс істеуге итермелейді.

Ол уақытта еліміздің тәуелсіздік алғанына он жыл да толған жоқ. Сондықтан әрқай­сымыз елді дамытуға, көркейту­ге, халықтың жағдайын жақсартуға өз үлесімізді қосқымыз келді. Мен «Наурыз-2030» ЖШС сынды кәсіпорын құр­дым. Новокаменка кеңшары, орман отырғызу учаскесі де менің қарамағымда болды. Маусымдық жұмысшыларды қоспағанда 600-ге жуық адам қарамағымда еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайымен таныс едім. Сондықтан депутат болуға бел будым. Менің ақылшы-ұс­таздарым да мықты адамдар еді. Олар – Жақсылық Ысқақов, Құдайберген Қалиев, Влади­мир Дремасов, Геннадий Зенченко. Осы кісілермен жақсы араластым, ақыл-кеңестеріне құлақ түрдім. Бұл – менің сая­сатқа жолдан қосылмағаным­ның дәлелі. Бір сөзбен қиын да, қызықты кезең еді.

Қазіргі сегізінші шақыры­лымдағы депутаттардың бел­сенділігі көңілімнен шықты. Себебі түрлі саланың сауатты мамандары жиналған. Олар барлық шараларға қатысып, басы-қасында жүреді.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Халыққа ешқандай уәде берген емеспін. Депутаттық тәжірибемде болған мына бір жағдайды баяндап берейін. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында тұрғындармен кездестім. Олар: «Аулада қоқыс шашылып жа­тыр, шөп өсіп кеткен. Неге ау­лалар абаттандырылмайды?» – деп шағымдарын айта бастады. Тұрғындарға ауланы өздері таза ұстау керектігін, сырттан келіп ешкім істеп бермейтінін айттым. Әр адам алдымен өзі айналасына жауапкершілікпен қарап, жанашыр болуы керек.

Қазір аудандарды көп ара­лаймыз, әлеуметтік нысандар­дың жай-күйін қараймыз. Мә­селен, тоқсаныншы жылдары халықты тұрмыстық мәселелер қатты толғандыратын. Осындай жағдай үшінші, төртінші шақы­рыламдарда да қайталанды. Кейін елдің экономикасы кө­теріліп, әлеуметтік жағдай жақсарып, түйінді мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Де­путаттарға да жұмыс істеу жеңілдеді.

Өңірімізде көптен бері шешілмей жүрген бір мәселе бар. Ол – газ құбырын тарту. Өңірге келген Министрлердің де, Сенаттағы, Мәжілістегі әріптестеріміздің алдында да көтеріп келе жатырмыз. Себебі бұл – өңір тұрғындарының қа­лауы. Тұрғындардың өтініші аяқсыз қалса, кейін олардың бетіне қалай қараймыз?

Қазіргі таңда өңірде маман тапшы. Жұмысшы кадрлардың тапшылығын 2010 жылдары сезіне бастадық. Ал 2020 жылы карантин кезінде қаншама ма­маннан айырылып қалдық. Мәселен, мен басқарып отыр­ған серіктестік жылына 4-5 мың тонна өнім алатын. Қазір бұл көрсеткіш 1000-1500 тонна көлемінде. Егер мамандар бол­са, табысты бұлай қысқартпас едік. Өнімдерімізге сұраныс жоғары. Себебі біз сапалы, эко­логиялық таза өнім өсіру үшін жұмыс істейміз. Қол еңбегі қа­жет. Еліміздің оңтүстігінде жұ­мыс күші жеткілікті. Ал сол­түстікте жағдай мүлдем басқа­ша. Егер елімізде ауыл шаруа­шылығы дамысын десек, кадр тапшылығы шешімін табуы керек. Солай болған жағдайда біз өзімізді азық-түлікпен қамтып қана қоймай, жарты әлемді асырайтын әлеуетке ие бола­мыз.

Қай уәдемді орындадым?

Партиялық тізім бойынша сайланған депутаттар ұжымдық жұмыс жүргізеді. Екі жарым жылдың ішінде бірнеше аудан­ды араладым, кездесулерде айт­қан өтініш-тілектердің 50 па­йызы орындалды. Халыққа көмектесу деген қалтаңнан ақша алып беру, не болмаса бір жәшік азық-түлік апарып тара­ту дегенді білдірмейді. Тұрғын­дардың мүдделерін облыстық мәслихаттың сессияларында қорғау керек. Ауылдарды ара­лап, жұртпен кездескен адам қандай мәселелерді көтеру ке­рек екенін біледі. Сол мәселені шешу үшін құзырлы органдарға ұсынысын айтып, халықтың өтінішін жеткізіп, қарекет қы­лады. Мен осы уақытқа дейін құрғақ уәдені жаудырған, сөзі – көп, іс – жоқ талай депутатты көрдім. Құрғақ уәденің түбі жақсылыққа апармайды. Бұл депутаттарға сенімсіздік туды­рады, оның қызметіне көлеңкесін түсіреді. Нақты мәселе бойынша ұсыныс айт, жауапты құзырлы органмен тікелей жұ­мыс істе. Сонда ғана іс өнеді, тұрғындарды толғандырған мә­селелер шешіледі. Облысымыз бойынша қаншама ФАП салынды. Олар салтанатты түрде ашылды, ауылдардың тыныс- тіршілігіне қан жүгірердей бол­ды. Бірақ, шын мәнінде, көбі жұмыс істеп жатқан жоқ. Ашылғанына жарты жыл өтсе де есігі әлі күнге дейін жабулы күйі тұр. Осындай мәселелерді айтпасақ, жабулы қазан жабу­лы күйінде қалады. Бұл Үкі­меттің әлеуметтік саясатына да сенімсіздік тудырады.

Халық маған сене ме?

Халықпен кездесуден қо­рықпау керек. Ол үшін өз ісіңе сенімді болғаның дұрыс, депу­таттық міндетіңді адал атқа­руың керек. Мәслихат сессия­лары болардың алдында тұрақ­ты комиссиялардың отырысы өтіп, қаралатын мәселе егжей-тегжей талқыланады. Сол кезде атқарушы органдардың жоба­лары, қаржы бөлу жайы талда­нып, пікірталастар болады. Ха­лықтың мүддесін қорғау мін­детіміз болғандықтан, ұсыныл­ған жобаларға өзгерістер енгі­зуді талап етіп, артылған сенімді ақтау мақсатында адал жұмыс атқарып жатырмыз.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp