«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰСБЕГІЛІК — ӨНЕРДІҢ ТӨРЕСІ

Құсбегілік – қазақ даласында бағ­зы замандарда қалыптасқан өнер түрі. Ата-бабамыз қыран құс­ты “көк тәңірі”, “аспан еркесі” деп дәріптеген. Бүгіндері елімізде төл өнерді ұмыт қалдырмай, жаңғыр­ту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Құсбегілікті ұлттық спорттың бір түрі ретінде дамыту қолға алынды. Алайда, бекзат өнер Қызылжар өңірінде кенже қалғаны жасырын емес. Жарты миллионға жуық тұрғыны бар облысымызда тек жалғыз құсбегі бар. Есімі – Ақылбек Қалиев.

Айтар сөздің әлқиссасын саят­шы­лыққа қарай бұрсақ, бұл кәсіп басында азық табу үшін пайда­ла­нылса керек. Бірте-бірте ата-баба­ларымыз оны өнерге ұласты­рып, биік дәрежеге жеткізген. Тек­тілігі мен тегеуріні мықты бүркітті баласындай баулып, алақанында ұстаған. Сән-салтанат кезінде жұртқа көрсетіп, бабына келгенде дала тағысына салған. Сол игі дәстүрді жалғастырып келе жат­қан бүркітші Ақылбек Қалиев Ақ­жар ауданындағы Дәуіт ауылын­да тұрады. Соңғы бес жылдан бері өңірімізде аталмыш өнерді жаңғыртуға өзіндік үлесін қосуда.
– Мен жастайымнан құсбегілік өнерге қызығып өстім. Төл өнерге бүйрек бұруыма Ақмола облы­сында тұратын Абылай Ізбасов деген ағам түрткі болды. Тәжірибелі құсбегі еліміз­де өте­тін құсбегілердің жары­сы­нан қа­лыс қалып көрген емес. Елі­міз­де ұлттық өнерді жаңғыртуға өзін­дік үлесін қосып жүрген туыс­қа­ным­ның үйінде талай рет қонақ болдым. Сол кезде құсбегілікке деген қызығушылығым оянды. Ағам­­ның жанында жүріп, біраз дү­ниеге қанықтым. Сол кезде құсбе­гілік менің өмірім екенін түсіндім, – дейді.
Оюлы бешпентінің белін бе­кем буынып, балдағына ағасы­ның сыйлаған бүркітін қондырып, аңға шыққан Ақылбекті көргенде ауыл тұрғындары бастапқыда аң­тарылып қалған екен. Уақыт өте келе олардың көздері үйренді. Әлбетте, Ақылбек мұның біріне де назар аудармайды. Оған өзінің сүйікті ісімен айналысқаны әлде­қайда маңызды. Інісі Ақан да аға­сы­на құс баптауға көмектеседі. Ағайындылар бірнеше жылдан бе­рі еліміздің әр өңірінде өтетін құсбегілер сайысына қатысып жүр. Соңғы уақытта Петропавлдағы бизнес-инновация лицейінде бі­лім алып жүрген 14 жастағы ұлы да төл өнерді меңгеруге ниет танытуда.
Қазір құсбегі екі бүркіт баптап отыр. Ұстазы сыйлаған “Найза­ғай” есімді қыран сегіз жаста. Екін­шісі жастау. Құсбегінің ай­туынша, бүркітті баптаудың өзін­дік мəні бар. Қолға үйретілген құс қыстың саршұнақ аязына төзім­сіз­деу келеді. Ауырып қалған кез­де оны дұрыс емдей білу керек. Ақылбектің айтуынша, бүркіт баптау – өте қиын шаруа. Қолға түсірген дала тағысын үйрету үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Ал бүркітті аңға салып үйретудің машақаты одан да көп.
– Құсбегі, ең алдымен, жақсы психолог болуы керек. Яғни, құс­тың мінез-құлқынан, әрекет-дағды­сынан хабары болғаны жөн. Сонымен қатар қажырлылық пен еңбекқорлық, сезімталдық қасиет те қажет. Жаз – бүркіт­тер­дің тү­лейтін кезі. Сол кезде бүркіт жас ет жеуі керек, – дейді бүркітші.
Құсбегінің алғашқы қар жауған күнгі сонардан қанжығасын қан­дамай қайтқан күні жоқ. Бүркіт – өте тегеурінді құс. Томағасы сы­пы­рылған бүркіт қашып бара жат­қан аңды бір аяғымен бүріп, екін­шісімен жотасынан тартып, омырт­қасын үзеді. Оны қоян, түл­кі­ден басқа, қасқырға да салуға болады. Бірақ құсбегілік екінің біріне ермек емес екенін ұмыт­пауымыз керек. Оның қасиеті ерен, киесі бөлек. Ақылыңа ай­лаң сай болмаса, құс саламын деу бос сөз. Сондықтан құстың тілін тауып, дұрыс баулуға тыры­су қажет. Әйтпегенде бүркіттің шаң­қылы қарғаның қаңқылына айналуы мүмкін.
Облысымыздағы жалғыз құс­бе­гі бір кездерде қалың жұртты қайран қалдырып, талайлардың таңдайын қақтырған осынау өнер­дің біртіндеп жоғалып бара жатқанына қынжылады. Бүркітші алдағы уақытта Петропавлда құс­бегілік бойынша бөлім ашылса, өңірімізде төл өнердің дами түсе­тініне сенімді. Қазір ол барлық жа­рыстарға өз қаражатын жұмсап баруға мәжбүр. Себебі, қаржы­лық қолдау жоқ.
– Өңірімізде құсбегілікті дамы­та­тын болсақ, шетелдік турис­тер­ді де тартуға болар еді. Еліміздің мемлекеттік рәмізінде де осы қы­ранның бейнесі бар емес пе?! Төл өнерді дамыту үшін ол спорт түрі болып бекітілді. Бұл да қол­даудың бір түрі. Еліміздегі саят­шы­лық өнерді, әлемдік деңгейде дәріптейтін жағдайымыз бар, – дейді Ақылбек Қалиев.


Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp