«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰСТАР НЕДЕН ҚЫРЫЛДЫ?

Соңғы кездері өңірімізде құстардың жаппай қырылуы тұрғындар арасында үрей туғызуда. Салдарынан дерт ошағы табылған бірқатар аудандардағы елді мекендер карантинге жабылып, ауру ошағы жойылған. Алайда мамандар құстардың құс тұмауынан емес, пастерел­лезден қырылғанын айтуда. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін сала мамандарына жүгіндік.

Биыл күзде алдымен Қызылжар ауданындағы Бугровое елді мекенінде, кейін Шаховское ауылында үй құстарының жаппай қырылып жатқандығы туралы дерек тіркелді. Жаз бойы өсіріп, енді сатып пұл қыламыз ба деп отырған ауылдықтар өлген тауық-қазды қап-қабымен жоюға мәжбүр болды. Екі жағдайда да ветери­нарлар үй құстарының пастереллезден қырылғанын айтқан.

«Мамандар өлген құстардың қанынан және түрлі мүшелері­нен үш рет материал алды. Үшеуінде де құс тұмауы растал­мады, қанаттылардың пасте­реллезден қырылғаны белгілі болды. Пастереллез аса қауіпті аурулар тізілімінде болмаған­дықтан, мұндай жағдайда құс иелеріне өтемақы төлеу қарас­тырылмаған. Алайда аудан әкімі бұл мәселенің тұрғындар пайдасына шешілетінін айтты», – дейді Қызылжар аудандық ве­теринарлық стансаның дирек­торы Ерлан Багенов.

Ветеринарлардың айтуын­ша, Шаховское елді мекеніндегі құстардың қырылуына да пас­тереллез ауруы себеп болған. Бірақ тұрғындар бұл қорытын­дымен келіспей отыр. Қорадағы қаздар қараша айының басынан қырыла бастаған. Құс өсіруді кәсіп еткендер шамамен 10 млн. теңге шығынға батыпты. Елді мекен тұрғыны Жанат Ғаббасов 9 жыл бойы құс өсірумен айна­лысады. Биыл қаз балапанда­рын сатып алу үшін банктен 5,5 млн. теңге несие алған. Станса мамандары оның қаздарының да пастереллезден қырылғанын айтқан. Кәсіпкер жаз бойғы ең­бегінің еш кеткеніне өкінеді.

«Мен ветеринарлар шығар­ған қорытынды нәтижесіне күмәнданып, өлген қаздың сы­намасын Алматыдағы микро­биология және вирусология ғы­лыми-өндірістік орталығына жібердім. Орталықтың тәуелсіз сараптама қорытындысында «жоғары патогенді Н5N1 құс тұ­мауы» деп тайға таңба басқан­дай жазылған. Бірақ әкімдік те, станса мамандары да тәуелсіз сараптаманың қорытындысын қабылдамай жатыр», – дейді Жанат Ғаббасов.

Кәсіпкер жуырда облыс әкі- мінің бірінші орынбасары Ма­рат Тасмағанбетовтің қабыл­дауында болған. Марат Иман­байұлы құстар пастереллезден қырылса да, шығынның 50 па­йызы өтелетінін айтыпты. Бүгінде үй құстарының жаппай қырылуына байланысты Ша­ховское ауылына шектеу шара­лары енгізілген.

Бұл жағдайға қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері де түсінік берді. «Сы­намаларды алу, тасымалдау және зерттеу тәртібі нақты вете­ринарлық-санитарлық норма­лармен реттеледі. Бұл талаптар­ды тек мемлекеттік ветеринар­лық қызмет қана орындай ала­ды. Зертханалар міндетті түрде аккредиттелген болуы тиіс. Осыған байланысты тұрғындар жасаған зерттеу хаттамасы рес­ми дәлел ретінде қабылданба­ды. Дәл диагноз қою мақсатын­да Қызылжар ауданының вете­ринариялық қызметі 10 қара­шадан бастап бүгінгі күнге дейін бірнеше рет қан мен патологиялық материалдың сына­маларын алып, оларды облыс­тық ветеринариялық зертханаға және Астанадағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберді. Бұл мекеме­лерде жоғары патогенді құс тұ­мауы, пастереллёз, Ньюкасл ауруы және сальмонеллезге қа­тысты зертханалық зерттеулер жүргізілді. Бірақ ауру анықтал­мады. Ал 26 қарашада Астана­дағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтан пастереллёз бойынша оң нәти­же келіп түсті», – дейді ми­нистрлік өкілдері.

Мамандардың айтуынша, шектеу шаралары шеңберінде Шаховское ауылында қырыл­ған құстар есепке алынып, жо­йылған. Қораларға дезинфек­ция жүргізіліпті. Ауру құстың еті дүкен сөрелеріне түспес үшін Қызылжар ауданының бас ветеринарлық инспекторы Ша­ховское ауылынан шығарыла­тын құс етіне, қауырсын мен мамыққа ветеринарлық анық­тамалар беруге ресми түрде ты­йым салды. Ауру таралу қаупін болдырмау мақсатында Петро­павлдың барлық базарларына ветеринарлық инспекторлар бекітілді.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хамбетов Астанадағы республи­калық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте жур­налистердің құстардың қыры­луына қатысты қойған сұрағы­на жауап берді. Өңір басшысы­ның айтуынша, Шаховское ауылындағы 21 үйдің 7236 құсы қырылған. Оның 98 пайызы – қаз.

«Заңға сәйкес, егер бір жер­де құс немесе малдың қырылуы тіркелсе, қай инфекция екенін анықтау үшін біз міндетті түрде сынамалар алып, оларды Вете­ринария бойынша ұлттық рефе­ренттік орталыққа жіберуіміз керек. Зерттеу нәтижелері бо­йынша мамандар қырылған қа­наттыларға пастереллёз диагно­зын қойды. Қазір ауылдағы қы­рылған құстың шамамен 90 па­йызы жойылды», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Облыс әкімі пастереллёз диагнозы қойылған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәй­кес құс иелеріне бюджет есебі­нен өтемақы қарастырылмай­тынын атап өтті.

Құс тұмауының белгілері және жалпы инфекция жайын­да облыстық санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау депар­таментінің мамандарынан сұ­рап білдік. Департаменттің аса қауіпті инфекциялар мен тубер­кулезді эпидемиологиялық қа­дағалау бөлімінің жетекші ма­маны Нұргүл Молдағалиеваның айтуынша, құс тұмауы – А типті тұмау вирусының штамдары­ның бірімен байланысты құстар мен адамның арасында тарай­тын жіті вирусты инфекция. Көбінесе оны жабайы үйректер таратады, үй құстары – тауық­тар, күркетауықтар, қаздар және үйректер құс тұмауын тез жұқтырады. Вирус құстан адам­ға да жұғады. Ал өңірде осы күн­ге дейін адамнан адамға жұғу дерегі тіркелмеген.

«Ауру жұқтырған құстарда тыныс алудың қиындауы, жота­ларының көгеруі, көздерінен су ағуы, қауырсындарының тікі­реюі, мойын, аяқтарының жан­сыздануы, басы мен мойыны­ның ісінуі, теңселіп жүруі бай­қалады. Құстар 24-72 сағатта өлуі мүмкін», – дейді Нұргүл Қамзанқызы.

Өлген құстарды байқаған кезде тез арада мемлекеттік ве­теринарлық қызметке хабарлау қажет. Үй құстарын ұстайтын қораларды зарарсыздандырып отыру маңызды.

Өңірдегі құстар жаппай қы­рылған ауылдарда індет толық тоқтатылмағанымен, шектеу шаралары енгізіліп, дезинфек­циялау жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда негізгі мәселе – диагнозға деген сенімсіздік пен өтемақыға қатысты дау әлі шешімін тапқан жоқ. Мемле­кеттік зертханалар қанаттылар­дың пастереллёзден қырылға­нын көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда құс иелеріне өтемақы төленбейді. Тұрғындар болса, тәуелсіз сараптама нәтижесіне сүйеніп, өз құқықтарын қорғау­ға дайын.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp