Ақжар ауданындағы Восход ауылының маңында бір кезде “Құс-жеміс” деген ауыл болыпты. Бұл атау халықтың дуалы аузынан шығып, қойылған екен. Аңыз бойынша бауыры құтты мекен сонау қиын-қыстау заманның бірінде дүйім халықтың өмірін сақтап қалыптымыс. Сол маңның айналасында шоғырланған жұрт таңдайға басар наны болмай, аштықтың құрсауында қалған кезде құс пен жеміс-жидекке толы осы жерге келіп, жан сақтапты. Сол болған оқиғаны тамсана баяндайтын көнекөздер түгіл, оларды көргендердің өздері де жоқ қазір. Өкініштісі – “Құс-жеміс” атауы басқа тілде бұрмаланып айтылып кеткен. Бүгінгі “Кусумус” – іргелі шаруашылықтың атын білдіретін атау.
Аталмыш шаруашылықтың негізін қалаушы Тәжиден Қабдрахмановты жұрт іскер адам ретінде жақсы таниды. Оған мал шаруашылығы таңсық емес. Кеңес заманында қорасында 20 бас жылқы, 20 бас ірі қара, жүз шақты қой өсірілген. Бала-шағасының тамағы мен киімін сонша малдан тапқан пұлмен айырып, отбасының ахуалын жақсарта түсуге дағдыланғандардың бірі. Жастайынан еңбекпен еңсесін көтеріп жүретін адам үшін лажсыздыққа мойынсұну – жат қылық. Сондықтан өткен ғасырдың соңғы он жылдығындағы елде экономикалық-әлеуметтік қиындықтар орын алған кезде табыстың жаңа көзін табу мақсаты оны алға жетелейді. Сөйтіп, Тәжиден Қабдрахманұлы 1997 жылы “Кусумус” атты шаруа қожалығының іргетасын қалаған.
– Кәсіпкерлік туралы ой қозғағанда қазақтың “Көз – қорқақ, қол – батыр” деген нақыл сөзі тілімнің ұшында тұрады. Бірінші қадам жасау қашанда қиын, бірақ ой жинақталып, қол дағдыланған соң іс өрге баса бастайды. Мал басы көбейген сайын шаруашылықты кеңейтсем деген мақсат пайда болады. Сондықтан араға жылдар салып, “Ырысалды” атты фермерлік қожалықтың да тұсауы кесілді. Оны бүгінде балам басқарады. Кез келген кәсіп бастапқыда қаржыны судай сіңірері сөзсіз. Ал жұмысыңды тиімді ұйымдастыра білсең, шығын орны еселеніп толады, – дейді Тәжиден ағамыз.
Бүгінде кәсіпкерлікте әбден ысылып, тіс қаққан жан кешегі мен бүгінгі ахуалды салыстыра отырып, әр жылдың өз жеңісі мен жемісі бар екенін айтады. Алғашқы жылдарды қалыптасу, бизнестің тетіктерін үйрену, жаңаша жұмыс істеуге дағдылану деп білсе, соңғы он жылды кәсіпкерліктің жаңаша дамуға бет бұруы деп санайды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ісі өрге басып отыр. “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” АҚ – сенімді қолдаушысы. Ол 2005 жылы аталмыш қаржы институтынан 60 мың теңге несие алып, қосалқы шаруашылық деңгейінде ғана дамып келе жатқан кәсіпкерлігіне дем берген. Тәжиден Қабдрахманұлының аталмыш қаржы орталығымен байланысы жылдан-жылға ұлғайып, 2013 жылы несие портфелінің сомасы 18 миллион теңгеге дейін жетті. Осыдан екі жыл бұрын “Сыбаға” бағдарламасының ырысын көруге ниет білдірген. Оның несие жүйесі бойынша 13 миллион теңгеге қазақтың ақ бас сиыры тұқымды мал сатып алды. Бүгінде “Кусумус” шаруа қожалығы Восход ауылының сыртындағы мал қорасында 400-ден аса ірі қара ұстайды.
Сондай-ақ, шаруашылықта 120 бас жылқы, 140 бас қой бағылады. 210 гектар егіс алқабы да бар. Былтыр оның 60 гектарына – бидай, қалғанына арпа мен сұлы егіліп, өсірілген өнім ысырапсыз жинап алынды. Қожалықтың техника паркі де жылдан-жылға жаңара түсуде. Олардың дені мемлекеттік қолдау бағдарламасы шеңберінде лизингке сатылып алынған.
– Былтыр мал тұқымын асылдандыру үшін 40 бас бұқа сатып алдық. Олардың біразын көрші ауылдардың малына қосып, жалға бердік. Бұл да – бизнестің тиімді тетігі, – дейді Тәжиден Қабдрахманұлы.
Ферма аумағындағы мал қоралары кеңестік кезеңнен қалған жәдігерлер іспеттес. Олар бір кездері есік-терезесі жоқ, шұрық-тесік қабырғасы ғана қалқиған ғимараттар болатын. Мал исі сіңген бұл жерді құтты орын деп бағалаған Тәжиден Қабдрахманұлы олардың сатылатын бөлігін сатып алып, жалгерлікке берілетін жердің құжаттарын рәсімдеп, бүгінде өз иелігіне алған.
Шаруашылық өзіне тиесілі жер аумағын айналдыра қоршап, ор қазып тастаған. Ол ұрлық-қарлықтан қорғану үшін, санитарлық нормаларды сақтау үшін керек. Қоралардың төбесі мен қабырғаларын сабанмен жапса, қора іші жылы болады екен. Бұл – малдың жайын білетін адамның әрекеті. Тағы бір назар аударатын жаңашылдық – қожалық былтыр жаз бойы “электр-бақташы” қондырғысын қолданды. Ол нағыз сенімді “бақташы” болып шықты. Жайылымға таңдалған жер телімін айналдыра қазыққа қағылған сыммен қоршап, оған аккумулятор арқылы болар-болмас электр тогын жібереді. Бұл тәсіл мал-жанға қауіпті емес. Қоршау ішінде жүрген малдың денесі әлгі сымға тиіп кетсе, жануар сәл дірілден секем алып, ол жерге қайтып жақындамайды. Қоршалған жердің оттығы таусылған соң қоршау басқа жерге көшіріледі. Осылайша мал бетімен жайылмай, шөптің барлығын таптамай, алдындағы отты тауысқан соң ғана басқа жерге көшіріледі.
Қора-қора малдың жем-азығын тауып беру оңай шаруа емес. Оның үстіне жеген азығының құнарымен салмақ қосатын асыл малдың бабын табу керек. Өткен жылы берілген 350 гектар шабындықтан биылға жеткілікті шөп жиналып алынды. Бүгінде малдың алдынан жемшөп үзілмейді. Астарында – қалың төселген сабан. Қора маңындағы ұңғымадан таза су жетіп тұр. Мал жас мөлшеріне, жынысына қарай жекелеген қораларда ұсталады. Айта кету керек, осылай бабы жасалған малдан шығын жоқ.
Тәжиден Қабдрахманұлы – қасына жастарды жинауды оң көретін жан. Мұнда еңбек ететін 12 адамның жартысы – тепсе темір үзетін жігіттер. Оларға ұлы Диаз басшылық жасайды. Еңбеккерлердің айлықтары 75 мың теңгеден айналады. Кіші ұлы Әскер де ауыл шаруашылығы бойынша білім алып, әкесіне қолқанат болып жүр. Кенже ұлы Расул – Восход ауылдық округінің әкімі. Қызы Қымбат – Астанада дәрігерлік қызметте.
Қожалықтың мемлекеттік бюджетке салық түріндегі төлемдерінің көлемі де жыл сайын өсіп келеді. Ауылдағы мектептің қаржылай демеушісі де – Тәжиден Қабдрахманов. Аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке даярлауды ол өз мойнына алған.
– Ауыл жігіттерінің еңбегі орасан. Көптеген жылдар бойы Ғалым Данияров, Николай Макаров сынды азаматтармен бірге жұмыс істеп келемін. Олардың жұмыстарына жауапкершілігі, жанашырлығы – маған үлкен медет. Ауылдастарымның алдындағы парызымды орындауға үлкен қолғабыс жасайтын осындай серіктерің болған кезде бизнеспен айналысу қиынға соқпайды, – дейді ел ішінде Тәж-аға аталған қожалық басшысы.
Болат ӘМРИН,
журналист.