Астана қаласында еліміздің барлық өңірлерінің ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін өткізу, сол арқылы отандық өнімдердің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үрдісі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Арнайы жасалған кестеге сәйкес өңірлер биыл да астаналықтарды өздерінің нарық бағасына қарағанда арзан әрі сапалы өнімдерімен қуантуда. Биылғы жәрмеңкелер тамыз айының соңында басталып, Республика күні өз мәресіне жетпек.
18-19 қазан күндері Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Астанадағы «Қазанат» ипподромы аумағында орналасқан «Елорда» базарының сөрелерінде өз өнімдерін саудалады. Шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. «Жәрмеңкеде өңірдің жүзден астам кәсіпорны астаналықтарға 800 тоннадан астам өнім ұсынды. Біз сөрелерге сапалы және экологиялық таза тауарлардың көптеп қойылғанына баса назар аудардық. Ет, консервілер, кондитерлік өнімдер, жұмыртқа, сүт өнімдерін ерекше ықыласпен сатып алып жатқандар көп. Барлық өнімдердің бағасы нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен», – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужинов.
Топырағы құнарлы Қызылжар өңірінде өсірілген өнімдер экологиялық жағынан таза болғандықтан астаналықтар тарапынан ерекше сұранысқа ие. Сөмкелерін арзан ет, балдай қаймаққа толтырған елордалықтардың жүздері жарқын. Біз аралап көрген сөрелердің біразында ұзын-сонар кезек болды.
Қызылжар, Есіл, Мамлют, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Тайынша аудандарынан келген шаруалар жылқы етін 3000-3400, қой етін 3000, тауық етін 1000-1300 теңгеден саудалап жатты. Қолдың сарымайының 1 келісі 4500 теңгеге сатылды. «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің, «Булаев май зауытының» өнімдері лезде сатылып кетті. Картопты, қызанақты, қырыққабатты қабымен сатып алып жатқандар көп.
Астаналықтар жерлестеріміз әкелген тәтті тағамдарға да қызығушылық танытты. «Vizavi» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жәрмеңкеге бір тоннаға жуық өнім жеткізіпті. «Кәсіпорын өнімдері бірнеше жылдан бері Астана қаласындағы көптеген дүкенде саудаланып келеді. Жәрмеңкеге кептірілген өрік, мак, лимон, қара мейіз және басқа да табиғи қоспалардан пісірілген тоқаштарымызды алып келдік», – дейді кәсіпорын өкілі Вера Сколова.
Астана қаласының тұрғындары мен меймандары жәрмеңке күндері Қызылжар және Кереку өңірлерінің танымал өнер ұжымдары мен белгілі әншілері әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Аспанда әуелеген ән, күмбірлеген күй, мың бұралған бишілердің биі жәрмеңкеге келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ.
Астана қаласы.