Жері құнарлы, шөбі шүйгін облысымыз – құс шаруашылығына да өте қолайлы өңір. Қай ауылға барсаң да, алдыңнан қаңқылдаған қаз, қытқыттап тауық шығады. Әсіресе, тұрғындар еті – тағам, майы – ем, мамығы – жастық ақ қазды көптеп ұстайды. Ал мыңдаған қаз өсіріп, кәсіпкерлік саласына қадам басып жатқан азаматтар “Бастау” жобасына арқа сүйейді.
Жобаның игілігін көріп, өз ісін ашқан жерлесіміздің бірі – Мамлют ауданының Покровка ауылында тұратын жас кәсіпкер Мәди Омаров. Ол биылғы көктемде өңірімізге “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Түркістан облысынан қоныс аударған. Осыған дейін саудамен айналысып келген жігіт “Бастау” жобасы жайында біліп, бірден оқыту курсына жазылған. Бір ай бойы аудандық жұмыспен қамту орталығында кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, бизнес-жобасын сәтті қорғайды. Нәтижесінде 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды.
– Көкшетау қаласынан 500 қаз балапанын сатып алдым. “Линда” тұқымды 12 күндік балапанның біреуі 1300 теңге тұрады. Бұл қаздарға бір айдай ерекше күтім керек. Кейін жайылымға шығарсаң, шөпті қорек етіп, тез жетіліп кетеді. Түгін тартсаң, майы шығатын жерде жайылған қаздарға жемді кешкілікте бір берсең де жеткілікті. Жалпы бұл кәсіпке келгеніме өкінбеймін. Ауыл баласы болған соң қаз асырау қиын емес. Оның үстіне жергілікті нарықта құс етіне сұраныс жоғары. Мәселен, мен қаздарды Алматы қаласының тұрғындарына ғаламтор арқылы сатамын, – дейді Мәди Әбдіхайымұлы.
Қазіргі таңда кәсіпкердің екі айлық қаздарының салмағы 4 килограмм тартады. Ал қысқа қарай 12 килограмға дейін өсуі мүмкін. Тіпті, мамығының килограмын 45 мың теңгеге сатпақ ниетте. Кәсіпкер алдағы жылы өзен-көлдің жағасынан шұрайлы жер іздеп, кең қора салып, қаз санын екі мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Кейін жұмысты жеңілдету мақсатында қаз мамығын жұлатын қондырғы сатып алмақ.
Қаз асырап, табыс тауып отырған тағы бір жерлесіміз Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында тұрады. Есімі – Бекболат Ғаббасов. Бұл салада он жылдық тәжірибесі бар азамат бастапқыда шаруашылығында 200 қаз ұстаған. Ал биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін кеңейту мүмкіндігіне ие болды. Нақтырақ айтқанда, аудандық кәсіпкерлер палатасында “Бастау” жобасы аясында білімін жетілдіріп, 252 мың теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алған. Іскер азамат бұл қаржыға балапан шығаратын инкубатор сатып алды. Бұдан бөлек, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы екінші деңгейлі банктен 6 пайыздық мөлшерлемемен 2,2 миллион теңге несие рәсімдеген.
– Несие қаражатына Башқұртстанның Уфа қаласынан “Линда” тұқымды 2 мың қаз балапаны мен қоспажем сатып алдым. Қазір қаздарды Бәйтерек ауылындағы жалға алған 25 сотық жерде өсірудемін. Қаз – таза құс, бабын біліп, бақсаң болғаны. Оның базардағы бағасы басқа құстармен салыстырғанда біршама қымбат. Сондықтан бұл кәсіппен айналысқандар ұтылмайды, – дейді Бекболат Есімұлы.
Кәсіпкерге ұзақ жылдар бойы қолдау көрсетіп жүрген зайыбы Жанар Әзімқызы да “Бастау” жобасы бойынша білімін жетілдірді. Бизнес-жобасын сәтті қорғаған ол грант қаражатына екі тоңазытқыш сатып алыпты. Енді бір айдан соң қаздарды сойып, бір бөлігін сол тоңазытқыштарда сақтамақ.
Ерлі-зайыптылар қаз етін жылына бір рет Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде саудалайды. Сондай-ақ, Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласында сауда нүктесі бар. Экологиялық таза құс етіне тұтынушылар тарапынан сұраныс зор. Осы орайда, ерлі-зайыптылардың отбасылық кәсіпті кеңейтуге демеу берген мемлекетке алғыстан басқа айтары жоқ.
– Қысқамерзімді оқудың пайдасы зор. Тәжірибесі мол бизнес-жаттықтырушылар маркетинг, салық заңнамасы бойынша дәрістер оқыды. Сондай-ақ, бизнес-жоспар әзірлеуге көмектесіп, қаржы алғанға дейін қолдау көрсетті. Нәтижесінде бүгінгі таңда кәсібіміздің нәсібін көріп отырмыз, – дейді Бекболат Ғаббасов.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Б. Ғаббасов.