Облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Astana Pro Team” кәсіпқой велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровқа клуб сапындағы қазақстандық спортшылардың Бахрейн қаласында өткен Азия чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, командалық сында жеңіске жетуіне орай құттықтау жеделхатын жолдады.
Жеделхатта өңір басшысы Александр Винокуров пен солтүстікқазақстандық велоспортшыларды Қазақстан құрамасы сапында Азия чемпионатындағы жеңісімен арнайы құттықтайтынын айтып, мықты денсаулық, жетістік және әлемдік жарыстарда жаңа жеңістер тіледі.
“Велоспорттан Азия чемпионатындағы үлкен жеңіске жерлестеріміз Алексей Луценко, Бақтияр Қожатаев және Жандос Бижігітовтің үлес қосқаны қуантады. Бұл жетістіктің астарында еліміздің құрама командасының жеңіске деген құлшынысы, спортшылардың кәсіпқойлығы мен биік мақсаттарға жетудегі талпынысы және еліміз велоспортын дамытудағы Сіздің зор үлесіңіз жатыр”, – делінген құттықтау жеделхатында.
Сонымен қатар Ерік Сұлтанов әлем чемпионатында 500 метрлік спринтерлік көпсайыста жақсы нәтиже көрсеткен тағы бір жерлесіміз Роман Кречті де құттықтады. Ол Канаданың Калгари қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында екінші орын алып, спринтер-конькишілер арасында өзі орнатқан Қазақстанның рекордын жаңартты.
“Сіз Қазақстанның барлық жанкүйерлеріне ұмытылмас көңіл-күй сыйладыңыз, Отанымыздың атын шығарып, мыңдаған жеткіншек үшін үлгі болдыңыз. Сізге шын көңілден мықты денсаулық, табыс және жаңа жеңістер тілеймін”, – делінген құттықтау жеделхатында.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.