«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құтты мекен — Айсары

Ақжар ауданындағы Айсары сұлудың есімімен аталған ауылдың құрылу кезеңі ресми түрде 1961 жыл деп белгіленгенімен, кейбір деректер оның тарихын тереңге бойлатады. Бүгінгі Айсары ауылының маңына тұрғындар ХVII ғасырда қоныстана бастады деген дерек бар. Оған иланбауға болмайды, өйткені, сол заманда қалың бұқара арасында Айсары мен Шорман есімді ғашықтардың қасіретті оқиғасы кең тарағанды.

Өткен ғасырдың орта тұсында бұл елді мекенде үлкен өзгерістер болды. Кеңес дәуірі заманында ауылда кеңшар құрылып, тұрғындар мал шаруашылығымен айналысты. Кеңшар тұрғындары қора-қора қой, жылқы, ірі қара өсіріп, малды жем-азықпен қамтамасыз ету үшін егіс алқаптарын дәнді дақылға толтырды. Шұрайлы, табиғаты әсем жер мал өсіруге қолайлы. “Айсары ағашы”, “Айсары жері”, “Айсары қойы”, “Айсарының ақ тасы мен сары балшығы” деген сияқты сөз тіркестері Көкше өңіріне танымал болған жылдар да кеше ғана еді. Осындай аңыз бен шежіреге толы Айсары ауылы бүгін де бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналып отыр.

Жұрты бақуатты өмір сүріп жатқан елді мекенде 47 отбасы түтін түтетуде. Үлкенді-кішілі 225 адам тұрады. Ауылда тұрмысы нашар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар жоқ. Өйткені, айсарылықтардың еңбексүйгіштігі, жақсы өмір сүруге деген талпынысы ондай олқылықтарға жол бермейтіні анық. Мұнда қолын қалтасына салып, сенделіп жүрген жанды көрмейсің. Күзгі науқан басталған қыркүйек айының басында ауылға сапарлап барғанымызда, қотан іші тып-тыныш болатын. Тап-таза көшелер мен сәулетті үйлері ғана берекелі ауыл тіршілігін аңғартады. “Жұмысқа қабілетті адамдардың барлығы шабындық пен егін алқабының басында. Атакәсіппен айналысқан тұрғындар малдың қысқы жемазығын дайындап алуға ерте кіріскен болатын”, – деді Айсары ауылдық округінің әкімі Сәуле Таңқыбаева.

Айсарының тұрғындары еңбекпен ысылған. Отын, шөп дайындау кезінде бір атаның балаларындай бір-біріне қол ұшын беріп, қауырт қимылдайды. Малға шөп, отын сатып алу деген түсінік мұнда жоқ. Асар жасап, істі жұмыла көтеру бұл ауылдың тұрғындарына үйреншікті әдет. Содан да айсарылықтардың дастарқандарынан май-қаймағы, ірімшік-айраны, ет-жұмыртқасы арылмайды. Әйелдері барды іске жарата алмай, оны біреуден сатып алуға намыстанады.

Ауыл тұрғындары қосалқы шаруашылықтарынан, сондай-ақ, жеке кәсіпкерге жұмыс істеу арқылы табыс табады. 2001 жылы ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол Қайролла Кәкенов “Айсары” шаруа қожалығының іргетасын қалап, қара малмен айналысуды қолға алған. Кейін оның қатарына Марат Негметжановтың “Құсайын” шаруашылығы қосылды. Соңғысы қара мал, жылқы, қой түліктерін қатар өсіреді. Екі шаруашылық жерлестерін жұмыспен қамтып, елді мекеннің ахуалын көтеруге септіктерін тигізіп, тұрғындардың ризашылығына бөленіп отыр.

Айсары ауылдық округінде бірнеше әлеуметтік нысан жұмыс істейді. Мектеп, оның жанынан ашылған шағын орталық, ауылдық кітапхана, медициналық және пошта байланысы орталықтары, ветеринарлық қосын халыққа қызмет көрсетуде. 2014 жылы ауылда “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында жастардың демалыс орталығы ашылды.

“Айсары ауылы мемлекеттің қамқорлығының, тұрғындарының саналылығының арқасында бақуатты мекенге айналуда. Тұрғындары ерінбей еңбек еткен, бір-бірін қадір тұтқан ауылдың болашағы қашанда зор. Ауылымыздың бұдан да көркейе түсері сөзсіз. Тек мұнда жаңа өндіріс орындары ашылса, құба-құп. Сонда жұмыс орны көбейіп, жастардың ауылда тұрақтауына мүмкіндік туады. Жас отбасыларға, бала санын көбейтуге көп көңіл бөлінсе деймін”, – деген тілекті ауыл ақсақалы Сағынай Жүнісовтің аузынан естідік.

Сүйіспеншіліктің, еңбекқорлықтың, сыйластықтың бесігінде тербелген тұрғындары бар елді мекеннің болашағы жарқын. Айсарылықтарға қарап көңілің толады. Басқа ауылдарымыз да іргетасын осылай нығайтса деген тілегіміз бар.

Болат ӘМРИН,

журналист.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp