Петропавл қаласына жұмыс сапарымен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов келді. Сапар барысында министр өңірлік бөлімшелерге 11 арнайы көліктің кілтін табыстады. Сонымен қатар көктемгі су тасқынымен күрес кезінде ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттады, еліміздегі алғашқы модульдік құтқару стансасының тұсауын кесті.
Солтүстікқазақстандық құтқарушыларға табысталған жаңа техникалар апаттық-құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Ішінде жедел ден қою және қарда, батпақта жүре алатын машиналар бар. Бұл әсіресе табиғаты қатаң теріскей үшін өте маңызды.
«Техниканың тиімді жұмыс істеуі оны басқаратын адамға байланысты. Қиындықтарға дайын болып қана қоймай, адам өмірін құтқаруға көмектесетін құрылғыларды ұқыпты ұстау да маңызды», – деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.
Шара барысында министр су тасқынына қарсы жұмыстарды атқарып, жергілікті жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз еткендерге, Әзірбайжанның Габала қаласында өткен «Жас құтқарушы» халықаралық жарысына қатысқандарға Алғыс хаттар табыс етті. Өңір құрамасы ел атынан халықаралық аренада лайықты өнер көрсетіп, екінші орынға ие болды.
Төтенше жағдайлар министрі еліміздегі алғашқы модульдік құтқару стансасын ашты. Есіл өзенінің жағасында салынған нысан жағалау аймағын және маңызды нысандар – автомобиль көпірі мен Петропавл су торабының бөгетін бақылайды. Станса қысқа мерзімде салынды. Мұнда құтқарушылардың жылдам әрекет етуіне барлық жағдай жасалған. Модульдік ғимарат тәулік бойы кезекшілікке қажетті барлық заттармен жабдықталған. Жұмыс орнынан бөлек, ас үй, техникалық және демалатын бөлме бар. Сонымен қатар суға тез түсуге арналған пирстер, баспалдақтар қарастырылған.
Жыл басынан бері облыс құтқарушылары 1200-ден астам шақыртуға шықты. 135 адам құтқарылып, 240-тан астам тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Жаңадан ашылған модульдік құтқару стансасы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел әрекет ету мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады.
Шал ақын ауданындағы Мерген ауылында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында заманауи байланыспен жабдықталған өңірдегі алғашқы ерікті өртке қарсы құрылым ашылды. Құрылым «Гермес Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында орналасқан. Еріктілердің иелігінде – АЦ-8-40 өрт автоцистернасы, мотопомпа, басқа да қажетті жабдықтар мен қорғаныш экипировкасы бар. Құтқарушыларға қажетті жағдай жасалған.
Бұл бекет Городецкий ауылдық округінің бес ауылына қызмет көрсетеді, нәтижесінде жолға кететін уақытты едәуір қысқартуға және өрттің салдарын азайтуға мүмкіндік береді.
–«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы – бұл шалғайдағы елді мекендердің өртке қарсы қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған нақты қадам. Біз ең шалғай ауылдарға да жылдам және кәсіби көмек көрсетуге жағдай жасаймыз, – деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Әбдішев.
Жобаны іске асыру аясында министрлік жаңа бекетке техника, жабдық, байланыс құралдары мен киім-кешек берді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».