
«Қыс-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында Петропавл қаласы маңындағы №2 жылу-электр орталығының жылу арнасында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел-құтқару оқу-жаттығулары өтті. Жыл сайын талай адам су айдандарының құрбанына айналатынын ескерсек, судағы төтенше жағдайлар мен қайғыға ұшырағандарды құтқару мақсатында өткізіліп тұратын іс-шаралардың маңызы зор.
Соңғы кезде күн күрт салқындап, өзен-көлдердің бетіне мұз қата бастады. Дәл осы кезде жазатайым оқиғалар саны біршама арта түседі. Көбінесе балықшылар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамайды, құтқару шеңбері және жилеті, қажетті жабдықтары болмайды. Ал осындай қарапайым ережелерді елемеудің соңы қайғылы жағдайларға соқтыруы әбден мүмкін.
Оқу-жаттығулардың басты мақсаты әр түрлі оқыс оқиғаға тап болған адамдарды құтқарып, суға батқандарды іздестіру болды.
Құтқарушылар өз жұмысы барысында ең алдымен шапшаңдық танытып, бір-бірімен үйлесімді әрекет етуі керек. Өйткені адамдардың өмірін сақтап қалу олардың жұмысына тікелей байланысты. Оқу-жаттығу барысында қызметкерлер осы міндетті орындауға қаншалықты дайын екенін көрсетті. Олар шартты түрде зардап шегушіге дереу көмек көрсетіп, қаза тапқан адамның денесін судан шығару барысында кәсіби шеберліктерін таныта білді.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек, үстіміздегі жылы облыс бойынша су айдындарында 12 адам қаза болып, 24 адам құтқарылды, соның ішінде 16-ы – балалар.
Құтқарушылар әуесқой балықшыларға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді. Су айдындарында оқыс оқиғаға тап болған жағдайда «101» немесе «112» телефон шалыңыз.