«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТҚАРУШЫЛАРҒА – ҚУАТТЫ ТЕХНИКА

Құтқарушы күні қарсаңында Жастар сарайының алдында өрт-құтқару техникаларының көрмесі өтті. Шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, төтенше жағдайдың алдын алу қызметінің дайындығын сұрап білді. 

Көрмеде өрт сөндіру техникалары, жол талғамайтын “Трэкол” көлігі, құтқару катері, өрт-техникалық зертхана, автоматты сатысы бар көліктер қаз-қатар тізілді. Сондай-ақ, өртсөндірушілер мен құтқарушылардың жабдықтары жұртшылықтың назарына ұсынылды. 

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, “КамАЗ”, “УАЗ” жедел-құтқару көліктері жеке құрамға төтенше жағдай болған жерге қиналмай жетуге мүмкіндік береді. Отандық машина жасау зауыттарында шығарылған бұл бес автокөліктің әрқайсысының өз міндеті бар. Атап айтқанда, “КамАЗ” жапа шеккендерді қауіпсіз аймаққа жеткізу жұмысына тартылатын болса, тіркегіші бар арнайы автокөлік төтенше жағдай орнына қосымша техникаларды сүйреп жеткізеді. Су басқан елді мекен тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, жүріп-тұруы қиын адамдарды қауіпсіз жерге көшіруде бұл техникалардың көмегі көп.
Жол талғамайтын “Трэкол” көлігі Ресейде шығарылған алты дөңгелекті “ГАЗель”-дің базасында жасалған. “GPS” жүйесімен жабдықталған көлік ауа райының кез келген мезгілінде оқиға орнына жылдам жетеді. Құтқарушылардың айтуынша, он орындық арнайы техниканың облыс орталығының Заречное және Былғары зауыты шағынаудандарында судың деңгейі көтерілген кезде пайдасы тимек.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің автопаркін арнайы техникалармен толықтыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Жаңа үлгідегі техникаларды тамашалаған облыс әкімі тұрғындарды төтенше жағдайлардан қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылатынын айтты.
– Ел тұрғындарының және орман қорының қауіпсіздігі назардан тыс қалып көрген емес. Ол ведомствоның жедел бөлімшелерінің техникалық жарақтандырылуымен тікелей байланысты. Өрттің және өзге де төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін биыл құтқарушыларға тағы 9 арнайы техника берілді. Бұл техникалар апаттық жағдайда құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге септігін тигізетін болады. Алдағы жылы “Береке” шағынауданында жаңа өрт депосының құрылысы басталады. Мұның барлығы өңірде өрт оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік бермек, – деген Құмар Іргебайұлы өртсөндірушілерге жауапты жұмыстарында сәттілік тілеп, төл мерекелерімен құттықтады.
 

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp