Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте “Жігіт сұлтаны” сайысы ұйымдастырылды.
Дода барысында бар өнерлерін ортаға салған қатысушылар “Командалардың танысуы”, “Шағын көрсетілім”, “Сұрақтар додасы”, “Шығармашылық нөмір” және “Құтқарушылар сәні” атты кезеңдерде үздік атануға барын салды.
Қатысушылар “Сұрақтар додасында” да осал еместіктерін дәлелдеп, Қазақстан тарихы, ҚР Негізгі Заңы мен әлемдегі экономикалық жағдаймен жақсы таныс екендіктерін көрсетті. Қызықты өткен шараның барысында департаменттің әнші жігіттері де өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, қазақ және орыс тілдерінде бірнеше ән шырқаған Тимирязев ауданының №18 өрт бөлімінің жүргізушісі Асқар Абғаев көрермендердің көңілінен шықты.
Сайыстың қорытындысы бойынша өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің өнерлі жігіттерінен жасақталған “Ұлытау” командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынға жедел-құтқару жасағының “Красавчики” командасы жайғасса, үшінші орын аудандық бөлімшелерінің “Өрт секьюрити” командасына бұйырды.
Асқар ЫСМАҒҰЛОВ,
облыстық төтенше жағдайлар
жөніндегі департаменттің кадр
жұмысы бөлімінің бастығы.