Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары биыл 90-ға жуық елді мекенді су басатынын, оның ішінде 41-і еріген қар суынан, 36-сы шағын өзендердің, 15-і көлдердің суға толуынан зардап шегетінін болжаған болатын. Алайда, көктемнің ерте келіп, қардың бірқалыпты еруіне байланысты қауіп аз да болса сейілгені байқалады. Дегенмен, босаңсуға, жайбарақаттыққа салынуға болмайды. Өйткені, табиғаттың айтып келмес тосын апаты кез келген уақытта мінез көрстеуі мүмкін.
Есіл өзенінде су деңгейі күн сайын көтеріліп, Сергеевка су қоймасы ернеуінен асты. Жайшылықта жыламсырай ағатын Ақанбұрлық өзенінің де Ковыльное ауылы маңайында бір тәулікте деңгейі 167 сантиметрге көтерілгені, мұз кептелісі орын алғаны байқалған. Жылдағыдай Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда күрделі жағдай қалыптасқан. Петропавл су торабы аузы-мұрнынан лық толған. Әкімдіктің отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов қар жылдағыдан мол түсіп, су қоры көп жиналғандықтан, көктемгі су тасқыны күрделі жағдайда өтетінін еске салып, негізгі күшті тасқынның алдын алуға жұмылдыру қажеттігін атап көрсеткен болатын.
Әзірге тасқын судан зардап шеккен елді мекендер жоқ. Соған қарамастан су басу қатері жоғары Уәлиханов, Айыртау, Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға құтқарушылар аттанып, 12 шағын өзен мен көлдің 4237 шаршы метр аумағында мұз жару жұмыстарын жүргізді.
Ең бастысы, климаттық өзгерістерді күн ілгері айқындап, мал-жанға қолайсыздық тудырып, орны толмас материалдық залал әкелетін табиғаттың тосын салдарын барынша азайтты. Бір сөзбен айтқанда, сақтық шаралары кешенді түрде атқарылып, су шайып кетеді-ау деген аумақтар, елді мекендер, коммуникациялық жүйелер анықталып, құтқару картасы жасалған. Жыл басынан бері 1 млн. 206 мың текше метр қар сыртқа шығарылып, 100 шақырым арық-тоғандар, 2870 су өткізу құрылғылары тазартылған. Елді мекендерге қарғын су жібермеу үшін 20 шақырым қорғаныс бөгендері тұрғызылған. Тұрғын үйлер мен аулаларды судың басуына жол бермеу үшін 211 мың тонна жанар-жағармай, 42 мың тоннаға жуық инертті материалдар, 49 мың қап әзірленген. Өткен жылдардың тәжірибелеріне, географиялық және климаттық жағдайларды алдын ала болжау жағдайларына ерекше мән беріліп, кез келген апатты болдырмауға, алдын алуға тас-түйін дайын болу жолдары ойластырылған. Құрамында 63 адам, 19 бірлік техника, 8 су сорғыш және 5 бірлік жүзу құралы бар жиынтық күш төрт аудан аумағында сақадай-сай дайын тұр.
Тимирязев ауданындағы Степное, Дзержинский ауылдары, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ерекше бақылауда. Бұл жерлерде де арнайы техникалармен су сору, қорғаныс бөгендерін нығайту, үй-жайларды ағын судан қорғау шаралары мұқият атқарылуда. Жоғарыда айтқанымыздай, Бабықбұрлық, Ақанбұрлық, Шарық, Жембарақ өзендерінде су деңгейінің шамадан тыс көтерілуі, мұз кептелісі орын алғанымен, қабылданған жіті шаралардың арқасында жағдай қалпына келтірілді. Қалың мұз қолмен, экскаваторлармен ұсақталып, су ағыны реттелді.
Қызылжар ауданындағы Прибрежное, Есіл ауданындағы Заречный секілді ауылдарды да су шаю қаупі басым. Жалпы, қатердің бір ұшығы Ақмола облысындағы Жабай, Колутон өзендерінен қаншалықты су келетініне де байланысты.
Облыс орталығында Заречный, Ойқала, Былғары зауыты сияқты шеткері шағынаудандарды жыл сайын су басады. Бұл аумақтарда эвакуациялық пункттер құрылған. Департамент мамандарының айтуынша, өзендер, көлдер, су қоймалары күнделікті бақылауда. Төтенше жағдай орын алған жағдайда барлық күш жұмылдырылатын болады.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.
Сурет https://informburo.kz/ сайтынан алынды.