Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1995 жылдың 19 қазанында еліміздің мемлекеттік органдар жүйесінде Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет құрылған болатын. Міне, осы сәттен бастап тәуелсіз елімізде құтқару қызметінің қалыптасу кезеңі басталды. Сол жылдан бері бұл күн құтқарушылар үшін кәсіптік мереке ретінде аталып келеді.
Бейсенбі күні Жастар сарайында Құтқарушы күніне арналған салтанатты шара өтті. Шара басталмас бұрын өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмысы қызметінің, жедел-құтқару жасағының төтенше жағдайлар туындай қалған сәттерде пайдаланатын арнайы техникалары мен құрал-жабдықтарының таныстырылымы ұйымдастырылды.
Департамент мамандарын төл мерекемен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев ел өмірінде құтқарушылар қызметінің ерекше маңызға ие екендігін айтып, олардың халықты түрлі кездейсоқ жайттардан, табиғи апаттардан құтқаруға тәуліктің кез келген уақытында дайын екенін жеткізді.
Мұндай салтанат марапатсыз өтпейді. Облыс әкімінің орынбасары жоғары кәсібиліктері, азаматтық қорғау органдарындағы адал еңбектері үшін бір топ құтқарушыға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Рамиль Камалов құрылғанына 22 жыл толған төтенше жағдайлар қызметінің кешегісі мен бүгінгісіне тоқталып, өңірімізде төтенше оқиғалардың алдын алу бойынша қол жеткен табыстарын тілге тиек етті. Департамент бастығы одан кейін азаматтық қорғаныс ардагерлерін, құтқарушыларды марапаттады. Олардың бірқатарына кезекті әскери шен берілді. Апатты жағдайларда адам өз өмірін қауіпке тігеді. Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылындағы ауыл шаруашылық колледжінің 1-курс студенті Нүрислам Жұмабеков қайтыс болғаннан кейін “Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін” медалімен марапатталды. Ал өрт кезінде батылдық көрсеткен бейбіт күннің жас батырлары Есіл ауданындағы Чириковка орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ақжол Мұхаметкәрімов, қаламыздағы гуманитарлық-техникалық колледждің 3-курс студенті Диас Қабдөшев пен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 1-курс студенті Әлімхан Қожабековке Алғыс хат пен сыйлықтар тапсырылды.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.