«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТҚАРУ ТЕХНИКАСЫ КӨБЕЙЕ ТҮСТІ

19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында Жастар сарайының алдында өрт-құтқару техникасының көрмесі өтті. Шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен қала басшысы Болат Жұмабеков қатысты. Көрмеде өрт сөндіру техникалары, жол талғамайтын “Трэкол” көлігі, құтқару катері, “КамАЗ”, өрт-техникалық зертхана, автоматты сатысы бар көліктер қаз-қатар тізілді. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жабдықтары, әртүрлі құтқару құралдары жұртшылықтың назарына ұсынылды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, “КамАЗ”, “УАЗ” жедел-құтқару автокөліктері жеке құрамға төтенше жағдайлар орнына қиналмай жетуге мүмкіндік береді. Отандық машина жасау зауыттарында шығарылған бұл бес автокөліктің әрқайсысының өз міндеті бар. Атап айтқанда, “КамАЗ” жапа шеккендерді қауіпсіз аймаққа жеткізу жұмысына тартылатын болса, тіркеп сүйрейтін арнайы автокөліктің төтенше жағдай орнына қосымша техникаларды сүйреп жеткізетін қуаты бар.


Соңғы жылдары облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің автопаркі жергілікті бюджет есебінен сатып алынған арнайы техникалармен толықтырылуда. Үстіміздегі жылы да бұл жұмыс сәтті жалғасын тапқан. Сондай техникалардың бірі – жол талғамайтын “Трэкол” көлігі. Ресейде шығарылған алты дөңгелекті техника “Газель” көлігінің негізінде жасалған. “GPS” бағыттаушымен жабдықталған көлік ауа райының кез келген мезгілінде оқиға орнына көзді ашып-жұмғанша жетеді. Апатты аймақтардан халықты көшіруде таптырмайтын техникаға он адам сыяды. Құтқарушылардың айтуынша, арнайы техниканың қар қалың түсетін ауылдарға жетуге, облыс орталығының Заречное және Былғары зауыты шағынаудандарында судың деңгейі көтерілген кезде пайдасы көп тиеді. Жаңа үлгідегі техникаларды тамашалаған облыс әкімі тұрғындарды төтенше жағдайлардан қорғау мәселесіне басымдық берілетінін атап айтты.

– Ел тұрғындарының және орман қорының қауіпсіздігі біздің назардан тыс қалып көрген емес. Ол ведомствоның жедел бөлімшелерінің техникалық жарақтандырылуы деңгейімен тікелей байланысты. Өрттің және өзге де төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін биыл құтқарушыларға тағы 9 арнайы техника берілді. Мемлекеттік материалдық қордан жіберілген бұл техника апатты жағдайда құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге септігін тигізеді. Алдағы жылы “Береке” шағынауданында жаңа өрт депосының құрылысы басталады. Мұның барлығы өңірде өрт оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік бермек, – деген Құмар Іргебайұлы өртсөндірушілерге жауапты жұмыстарында сәттілік тілеп, төл мерекелерімен құттықтады.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp