Петропавл қаласының Мәдениет үйінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара өткізді. Бүгінде департаменттің құрылымдық және ведомстволық бөлімшелерінде 112 қыз-келіншек еңбек етеді.
Департамент басшысының орынбасары Нұрлан Атығаев өзінің кіріспе сөзінде азаматтық қорғаныс саласында әйелдердің ер-азаматтармен қатар еңбек етіп жүргенін мақтанышпен айтты. “Сіздердің кең жүректеріңіз үшін, өмірді жарқын да жайдары ете білетіндеріңіз үшін рахмет! Қандай қиын жайттар болса да, өзінің де, өзгенің де еңсесін түсірмеуді ойлайтын Сіздер – әйелдер әрқашан сыйластық пен сүйіспеншілікке, құрметке лайықсыздар!” – деді Нұрлан Бауыржанұлы.
Мерекелік жиында өзінің жұмысын үлкен жауапкершілікпен және біліктілікпен атқарып жүрген бір топ қыз-келіншек департамент басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл күні саланың ардагер-әйелдері де назардан тыс қалмады. Оларға гүлшоқтары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, департамент әкімшілігі ведомстволық мекеменің атқарып жатқан жұмыстарының бұқаралық ақпарат құралдарында көрінуіне атсалысып жүрген әйел-журналистерге Алғыс хат табыс етті.
Мерекелік шара одан әрі қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздарының және департамент қызметкерлерінің күшімен дайындалған концерттік бағдарламамен жалғасты.
(Өз тілшіміз).