«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰШАҒЫ КЕҢ АТАМЕКЕН

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бүгінгі таңда ата-бабамыздың туған жеріне оралып, тамыр жайып, тәуелсіздіктің игілігін көріп отырмыз. Бұл – біздің бағымыз.

Нұрлы көшке ілесіп, 2010 жылы Өзбекстаннан отбасымызбен бірге көшіп келдік. Алғашқы кезде Мамлют ауданындағы Бостандық ауылына орнықтық. Кейін балалардың жұмыс жағдайына қарай Бәйтерек ауылына қоныс аудардық. Ауыл тұрғындары бізді жылы қарсы алды. Жайлы баспанамен қамтамасыз етіп, жағдайымызға қарай жұмысқа тұрдық.

Биыл жаңа оқу жылында көптен күткен ауыл мектебі ашылып, қуанышқа кенелдік. Бұған дейін Асылжан, Абылай есімді немерелерім басқа ауыл балаларымен бірге Бескөлге қатынап оқитын. Күздің жауын-шашыны, қыстың суығында жолда жүрген ұл-қыздарымыздың амандығын ойлап, уайымдап отыратынбыз. Енді, міне, мектеп ауылда. Іші жылы, жайлы әрі кең. Осындай игі істің жүзеге асуына ықпал еткен азаматтардың барлығына ата-аналар, оқушылар атынан алғысымызды білдіреміз. Мектептен кейін ауылда фельдшерлік-акушерлік қосын ашылды. Медициналық мекеменің іші заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Бір жылдың ішінде осындай қос қуаныштың куәгері болдық.

Мемлекетіміз алға қойған межелерге қол жеткізу үшін біз де өз үлесімізді қосып, еңбек етіп жүрміз. Көшіп келген соң “Асылжан” деген азық-түлік дүкенін аштық. 20 бас мал ұстаймыз. Құрт қайнатып, май былғап, өз кәсібімізді айналдырып отырған жайымыз бар.

Тұңғышым Владимир Астана қаласында жұмыс істейді. Келінім Айтолқын – мұғалім. Кенжем Мұхаметжан қорадағы малды күтіп, осы салада ерінбей еңбектеніп жүр. Ақылшымыз, қамқоршымыз бола білген отағасы, жұбайым Бақыт Жүнісов барлық жұмыстардың басықасында жүріп, қолға алған істің жүзеге асуына ықпал етеді. Осылайша, бірігіп, “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, елмен бірге еңсемізді көтеріп, ауылдың өркендеуіне атсалысып жүрміз.

Алыстағы ағайынға ақ тілек жолдап, сырттағы отандастарымыздың елге оралуына жол ашқан Елбасына шексіз ризамыз. Осының барлығы – Тәуелсіздікпен келген бақ. Ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған топыраққа табан тіреп, еңбек майданына қызу араласып, Қазақстанның атын асқақтатуға аз да болса үлес қосып жүргенімізді мақтан тұтамыз. Және еліміздің одан сайын дамып, гүлдене түсуі жолында аянбай еңбек етеміз. Бұл – біздің азаматтық борышымыз.

Ақшагүл ИСХАКОВА.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp