«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ

Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын Тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл – сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүріп өткен жолының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау”, – деген болатын. Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын негізгі құжат – Конституцияны киелідей аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап Конституция мемлекетіміздің әлеуметтік, экономикалық және құқықтық дамуының тірегі болды. Оның демократиялық қағидалары мен адам құқығының кепілі біздің мемлекетімізді әлемдік аренаға шығарды және қабылданған реформалардың локомотиві болды, соның арқасында әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан орын аламыз деген сенім тудырып отыр.

Конституцияның 83-бабында мемлекет пен қоғам өмірін конституциялық реттеу механизмін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы прокуратура органдары туралы жазылған. Прокуратура мемлекет атынан еліміздің аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ, Конституцияға қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Яғни, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және мемлекет мүддесін білдіру бойынша тиімді жұмыс прокуратура органдарының қызметінде басым бағыт болып табылады.

Үстіміздегі жылы әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бойынша прокурорлар 338 тексеріс жүргізіп, 3293 заң бұрмалаушылықты анықтады. 14437 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды.

Мақсатты бағытта жүргізілген профилактикалық шаралардың арқасында кәмелетке толмағандар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау саны – 7-ден 2-ге (72 пайыз), оны жасауға талпыну әрекеті 15-тен 5-ке (67 пайыз) азайды.

Облыс прокуратурасының бастамасы бойынша профилактикалық шаралар мен интернет-қоғамдастықтарда кәмелетке толмағандардың құқыққа қарсы тәртібін, балаларға жыныстық тиіспеушілікті саралап отыру үшін “ЦИОР Интегро” ЖШС-мен бірлесіп интернет-сайттардың автоматтандырылған мониторингі бағдарламасы дайындалды. Жүйелі мониторингтің арқасында әлеуметтік қобалжушылық ошақтарын уақтылы жоюға мүмкіндік туды.

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын бұзушылықты, еңбек ұжымдары тарапынан болуы ықтимал наразылықтың уақтылы алдын алуды ескерту мақсатында еңбек қатынастары саласындағы жағдайға, еңбекақыны уақытында төлеуді қадағалауға тұрақты негізде мониторинг жүргізіп тұрады.

Еңбек қатынастары саласында 3054 жұмысшының құқығы қорғалды. Прокурорлардың актілері бойынша сомасы 195 млн. теңгеден астам еңбекақы бойынша борыш өндіріліп алынды.

Кәсіпкерлік саласында да нақты жұмыстар қолға алынып, өз ісін бастағандарға және аяғынан нық тұрған бизнес өкілдеріне құқықтық көмек көрсету мақсатында кәсіпкерлер палатасының мамандарымен бірлескен акция өткіздік. Акцияның мақсаты қолданыстағы бизнесті кеңейту, кәсіпкерліктің жаңа субъектілерін құру болды.

Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекетке де ерекше назар аударылуда. Барлық өкілетті органдармен жұмыла атқарған жұмысымыздың арқасында кикілжіңнен басымыз аман.

Соттарда мемлекеттің мүддесін білдіруді қадағалау саласында сомасы, шамамен, 560 млн. теңгеге бір мыңнан астам атқарушылық құжат орындалды. Аталған салада жүргізілген тексеру қорытындылары облыстың құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды. Мысалға, өрт қауіпсіздігі ережелерін тексергенде анықталған бұзушылықтарды жоюға республикалық және жергілікті бюджеттен 37 млн. теңге бөлінді, сегіз басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 124 тұлға – тәртіптік, бесеуі – әкімшілік және біреуі қылмыстық жазаға тартылды.

Фактілерді сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізу практикасы оң жолға қойылған. Мысалы, Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі атына енгізілген ұсыныс қорытындысы бойынша олардың мемлекеттің балансындағы пәтерлерде заңсыз тұрған тұлғаларды шығару туралы 10 талап- арызы сотта қанағаттандырылды.

Бірінші жартыжылдықта қылмыстық заңнама және жазаны тағайындау новеллаларын қолдану бойынша бірыңғай сот-тергеу практикасын құрастыруға ерекше назар аударылды.

Аз ғана уақыт ішінде қолданысқа енгізілген процестік институттардың жұмысына оң баға беріліп отыр. Бүгінгі күні процестік прокурорлар іс бойынша қадағалауды жүзеге асырады. Кінәні мойындау туралы мәмілелер үлгісінде процестік келісім институты кеңінен қолданылып, келісу өндірісінде 154 тұлғаға қатысты 135 іс қаралған.

Жазалау саласында жаза практикасы 45 пайыздан 39,7 пайызға төмендеген. Жазаның балама түрлері бойынша жағымды үрдіс байқалып отыр, 11 тұлғаға жалпы сомасы 11 млн. теңгеден артық айыппұл салынды.

“Түрме халқының санын азайту” реформасының жобаларын жүзеге асыру бойынша темір тордың арғы жағындағылардың санын азайту, сотталғандарды жұмыспен қамту, бостандыққа шыққандарды қоғамға бейімдеу жұмысы жалғасуда. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 33-қадамын жүзеге асыру аясында үстіміздегі жылы мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды тарта отыра түрме реформасы туралы шағын форум өткіздік. Қабылданған шаралардың арқасында 614 сотталған немесе еңбекке жарамдылардың 55,5 пайызы еңбекақы төленетін жұмыспен қамтылды. Мекемелерде 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 15 жеке кәсіпкер өндірістік жұмыспен айналысып, ол жерде 264 сотталған жұмыс істейді.

Одан басқа 5 сотталған жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, еңбек етуде. Жазаның жеңілдетілген түріне ауыстыру институтын кеңінен қолданудың арқасында мемлекетке 7 млн. теңгеден астам пайда келді. Бостандыққа шыққан тұлғаларды қоғамға бейімдеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Біз мемлекетімізбен бірге Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша тұжырымдамалық жоспарды жүзеге асыруды қолға алдық. Себебі, Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлар корпусы реформаларды бірауыздан қолдайды және еліміздің конституциялық тірегін қорғай отыра, болашағымыздың жарқын болуына атсалысуда.

Степан ЗАЙТЛЕР,

Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік

әділет кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp