«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП НЫҒАЙТЫЛУДА

Солтүстікқазақстандық полицейлер цифрлық технологияларды енгізе отырып, құқықтық тәртіпті нығайту бойынша тиімді жұмыстар жүргізуде. Оның барысымен облысымызға жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генералмайоры Ерлан Тұрғымбаев танысты.

Жергілікті полиция бөліністері сервистік модельге кезең-кезеңімен көшу арқылы жұмыс істеудің жаңа түрін енгізуде. Петропавл қалалық полиция басқармасында жуырда осызаманғы талаптарға сәйкес фронт-офис ашылды. Бұл сервистік алаңның артықшылығы – полиция қызметкерлерінің келушілермен тікелей жұмыс істейтіндігі.

Министрдің орынбасары №10 полиция пунктінде болып, өткен жылдың соңында енгізілген бейнебақылау жүйесінің жұмысымен танысты. Облыс орталығындағы 13 полиция пунктінің барлығында арнайы орнатылған мониторға қызмет көрсететін аумақтардағы аулаларда, көшелер мен қоғамдық орындарда орнатылған камералар жалғанған. Полицейлер планшет арқылы бейнетүсірілімді көруге болатын техникалық мүмкіндіктерге де ие. Бұл – аймақтық пункттегі учаскелік инспекторларға, жұмыс орнынан тыс жерлерде де бейнекамера арқылы жедел жағдайды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні планшеттердің пайдасын жол-патрульдік полиция қызметкерлері көріп отыр. Қазірдің өзінде 25 экипаж әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай жүйесінде жеделірек жұмыс істеуге мүмкіндік беретін заманауи цифрлық құралдармен жабдықталған.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті, сонымен бірге құқық қорғау органдарының жұмысына сапалы өзгерістер енгізу бойынша міндеттер қойды. Осы міндеттер аясында жергілікті полиция бөліністерінің жұмысында белсенді енгізілетін цифрлық технологиялар қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту бойынша жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Берік Біләлов.

Сонымен бірге учаскелік инспекторлар қоғамдық құрылымдармен белсенді жұмыс істеуді жалғастыруда. Бұл жайлы астаналық мейманға аймақтық полиция пункттері қоғамдастығы кеңесінің төрағасы Петр Аксенев ақпарат берді. Ол қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полицияға көмектесетін болашақ заңгерлер қатарынан құралған студенттер жасағы туралы айтып берді. Ерлан Тұрғымбаев мұның болашақ мамандарды кәсіби даярлаудың сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жақсы тәжірибе екендігін атап өтті. Облыстық полиция департаментінде жас полиция қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Министрдің орынбасары “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарлама аясында полиция қызметкерлеріне арналып салынған жаңа 75 пәтерлі үйде болды.

Ерлан Тұрғымбаев жұмыс сапарының соңында Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастығы форумын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз еткен полиция қызметкерлерінің жұмысына жоғары баға берді.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp