Президенттікке кандидаттардың өңір-өңірдегі қоғамдық штабтары үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Сайлауалды бағдарламаларды таныстыру барысында әр аймақтың тұрғындарын толғандырған мәселелер де назарға алынады.
“Ақ жол” демократиялық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Дания Еспаеваның сайлауалды аумақтық штабы Атырау қаласындағы “Рауан Налко” кәсіпорнының ұжымымен кездесті. “Рауан Налко” ЖШС-і – мұнай-газ өндірісіне арналған химиялық реагенттерді өндіруші, әлемнің 160 елін қамтитын халықаралық “Налко Чемпион” (“Nalco Champion”) компаниясымен бірлескен отандық кәсіпорын.
Кездесуді ұжым басшысы директоры Бауыржан Әжіғалиев ашып, кәсіпорынның қазіргі әлеуеті туралы хабардар етті. Бұдан кейін “Ақ жол” демократиялық партиясы облыстық филиалының жетекшісі Ермекқали Юсупов кандидаттың бағыт-бағдарлары және сайлауалды мақсаттарымен бөлісті. Ол Д.Еспаева бағдарламасының басты бағытының бірі – кәсіпкерлікке қолдау көрсету екенін, өнеркәсіпті өркендетуге дем беру ел экономикасын көтеретінін атап өтті. Сондай-ақ, жиында облыстық филиалдың саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішов, облыстық саяси кеңестің мүшесі Серік Ерубаев сөз сөйлеп, жиналғандарды үміткерді қолдауға шақырды. Кәсіпорын жұмысшылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауаптарын алды. Кейін кандидат Дания Еспаева республикалық штаб мүшелерімен бірге Қостанай облысына жол тартты. Олардың арасында Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев та бар. Насихатшылар тобы Ы.Алтынсарин ауылына ат басын бұрып, сондағы ауылдарды, “Темте” ӘКК соғымдық орнын, машина-трактор шеберханасын, “Олжа-Белявка” ЖШС-і, Селантьев орта мектебін аралап, сайлаушылармен кездеседі.
* * *
“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының өкілдері Петропавл қалалық Мәдениет үйінде сайлаушылармен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде партия атынан ұсынылған Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.
“Ауыл” партиясының өкілдері Қазақстанды болашақта дәстүрлі және рухани құндылықтары, ұлттық мәдениеті сақталған, ауылдарында өмір сүру сапасының жоғары стандарттары қалыптасқан, ауыл мен қаланың дамуында әлеуметтік сәйкессіздік жоқ, халқы ел ішінде өндірілген барлық қажетті негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етілген, тек қалаларда ғана емес, бүкіл елде дамыған инженерлік, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымы бар, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік дамудың лайықты жүйесі құрылған мемлекетке айналдыруды көздейді.
Аталған партияның өңіріміздегі филиалының төрағасы Иван Кендюх бағдарламаның ауыл тұрғындарының тұрмысына, шаруашылығына және әлеуметтік мәселелеріне қатысты тетіктеріне тоқталып, лайықты үміткерге дауыс беруге шақырды.
– Ел халқының 42,6 пайызы ауылда тұрады. Ауыл – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі. Осыған байланысты ауылды дамытудың негізгі трендтерін анықтауды ұсынамыз. Оның ішінде әлеуметтік және экономикалық даму – жол, су, газ, электрмен жабдықтау, мектеп, балабақша, емдеу, мәдени және спорт мекемелері, көпбалалы аналарды және жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау сияқты мәселелерге назар аударып отырмыз. Ауылдың қазіргі ахуалын жақсарту керек, – деді Иван Кендюх.
* * *
Кәсіподақтар федерациясынан кандидат Аманкелді Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов бастаған топ Түлкібас ауданына табан тіреді. Насихатшылар тобы Социалистік Еңбек Ері Мәнтай Жарымбетовтің атымен аталатын шаруа қожалығында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінен және білім беру, мәдениет, кітапхана қызметкерлерінен құралған 150 адамның басын қосты. Ауданның бренді саналатын алма бағында Берік Бекжанов бұл саяси науқанның мемлекет тарихындағы маңыздылығына тоқталып, жиналған көпшілікті сайлауда белсенділік танытып, дауыс беру құқын тиімді пайдалануға шақырды. Сайлауалды шараға салалық кәсіподақ басшылары Бастарбек Пірімбетов, Барлыбай Қуандықов, Гүлдар Есебаева, Тимур Жүнісов те атсалысты. Сондай-ақ, жиында сөз алған білім саласының қызметкерлері Ержан Мақашев пен Гауһар Меңдібаева кәсіподақ атынан аса мәртебелі лауазымға ұсынылып отырған кандидатқа тілеулестік білдіріп, еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері мен Қазақстанның жарқын келешегі туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесуге келген жұрт кәсіподақ ұйымының болашақтағы жоспарларымен танысып, жаңа мүмкіндіктерге қанықты. Емін-еркін, ашық-жарқын жағдайда өткен шарада жиналғандар штаб мүшелерінен көңілдерін күпті еткен сауалдарға жауап алып тарқасты. Ал “Келешек” жастар қанатының мүшелері Түркістан қаласында халыққа насихат парақшалары мен А.Таспиховтың сайлауалды бағдарламасы бар кітапшаларын таратты. Киелі шаһардағы Қ.А.Яссауи кесенесі, орталық саябақ, “Рәміздер алаңы” аллеясы сияқты халық көп шоғырланған орындарға барып зиярат етіп келген соң жұртшылық пен қала тұрғындарына кандидаттың ұстанымдарын таныстырды.
* * *
Қазақстан Коммунистік халық партиясынан кандидат ретінде тіркелген Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды қоғамдық штабы Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана электртехникалық зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Елордадағы штабтың жетекшісі Нұрдәулет Оразханов бұл зауыт еліміздегі электртехникалық құрылғылар өндіретін алдыңғы қатарлы кәсіпорын және оның өнімдері өндіріс саласында қашанда сұранысқа ие екенін атап өтті. Қалалық комитет жетекшісі сайлауалды бағдарламаны таныстырып, барлық бағыттарын қысқаша мазмұндап берді. Ол ҚКХП үнемі қарапайым азаматтардың мүддесін қорғауға басымдық беріп отыратындығын атап өтті. “Коммунистік халық партиясы мемлекеттік деңгейде қарапайым халық мүддесін қорғау бойынша жұмыс атқарып келеді. Коммунистер халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, көпшіліктің шағымдарын қарастырып, мемлекеттік органдар мен министрліктерге әлеуметтік сипаттағы мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолдайды. Еліміздің жер-жеріндегі сайлаушылар біздің экономикадағы, әлеуметтік-саяси өмірдегі ұстанымымызды қолдайтынына сенеміз. Сондықтан Қазақстан Президентін сайлауда біздің үміткерге дауыс беруге шақырамыз”, – деді Н.Оразханов.
Қатысушылар азық-түлік пен көпшілік қолданатын тауар бағасының өсуі, медициналық қызметтің сапасы, баспана, зейнетақы жүйесі, жалпы әлемдегі және елдегі экономикалық жағдай төңірегінде сұрақтар қойды. Елордадағы партияның штабы үгіт-насихат жұмысын белсенді атқарып жатыр.
* * *
“Nur Otan” партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штаб мүшелері Солтүстік Қазақстан облысында болды. Аймақ, негізінен, халықты азық-түлік қауіпсіздік базасымен, жеңіл және ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы “Nur Otan” партиясы штабының жетекшісі Мәулен Әшімбаев Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында облыс активінің алдында сөйлеген сөзінде айтты. Ол президенттікке кандидаттың сайлауалды бағдарламасына жан-жақты тоқталды. “Еліміз бойынша жоғары сапалы көлік жолдарын салу және жөндеу, барлық апатты жағдайдағы мектептерді пайдаланудан шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар 650 мың отбасының баспана мәселесін шешіп, дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, білім беру сапасын жақсарту және әлемнің ең үздік ЖОО-ларында оқуға мүмкіндік жасау – мұның барлығы өрлеуге апаратын жол. Бұл біздің кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасында егжей-тегжейлі қамтылған”, – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұған қоса республикалық штаб ат басын тіреген келесі нысан Солтүстік Қазақстан облысындағы “Зенченко және К” кәсіпорны болды. Штаб мүшелері елімізде агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ауылдықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауылда тұруды жылдан-жылға жайлы етуге барлық жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар штаб мүшелері президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында “Ауыл – ел бесігі” жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласын қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.
* * *
“Ұлт тағдыры” ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың қоғамдық штабы елордадағы Орталық базарда үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Акцияға студенттер, белсенді жастар қатысып, базардағы жүздеген тұрғындар мен астана қонақтарына өз кандидаттарының сайлауалды тұғырнамасын түсіндірді. Қатысушылар парақшаларға басылған науқандық материалдарды таратып, сұрақтарына жауап беріп, тұрғындармен суретке түсіп жатты. Әрі-бері өткен жұрт кандидаттың ұстанымдарына қызығушылық танытып, өздері де халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстарын білдірді.
Ал қаладағы М.Әуезов пен Мәскеу көшелерінің қиылысындағы аллеяда жастар флешмобы өткізілді. Ақ футболка киген еріктілер “Таңдау – Қосанов” деген акцияда үгіт-насихат материалдарын үлестіріп, кандидат ұстанымының бағыттарын түсіндірді, тұрғындармен суретке түсті, сайлауалды ұрандарымен ән шырқап, жиналғандарды жігерлендірді. Мұндай қолдаушы белсенді жастар тек елордада емес, басқа қалалардан да табылып жатыр. Сонымен қатар Ә.Қосановтың сенім білдірілген адамдары Орал қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиналған қауымның барлық сұрақтары және тілектері ескеріліп, қарттар мен мүгедектердің мәселелері кеңінен талқыланды.
* * *
“Ұлы дала қырандары” республикалық қозғалысынан кандидат Сәдібек Түгелдің сенім білдірілген адамдары Ақкөл қаласында асық атудан турнир өткізді. Қаладағы агротехникалық колледж студенттері арасында өткен сайыста жастар шапшаңдық пен дәл атып тигізуден шеберліктерін көрсетті. “Бұл ойын түрі ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілгенін айта кетуіміз керек. Ұлттық ойындарымызды тек сайыс үшін емес, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, қастерлей білуге дәріптеу үшін ұйымдастыру керек. Бұл ойынның осы күнге дейін ұмытылмай, үзілмей жалғасып келе жатқаны ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді. Ұлттық ойындарымызды жаңғырта білсек, бұл біздің өткенді ұмытпағанымыздың белгісі. Ұрпақ бойына асыл қазыналарымызды ұлттық тәрбие арқылы сіңіре аламыз”, – деп санайды президенттіктен үміткер, Ұлттық ат спорты ойындары федерациясының президенті Сәдібек Түгел.
Ал кандидаттың сенімді өкілі Ерболат Съезхан “Дәл көздей білу, икемділік пен шапшаңдықты қажет ететін қазақтың ежелден келе жатқан асық ату ойыны басқа спорт түрлеріндей арнайы алаң мен қомақты қаражат салуды қажет етпейді. Ең негізгісі – ынта мен қызығушылық. Ресми деректер бойынша бұл ойынды елімізде 80 мыңдай адам ойнайды екен”, – деді.
(“Egemen Qazaqstan”, 17 мамыр 2019 жыл).