Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жаңа Жолдауын жариялады. Елбасы маңызды құжатта бүгінгі ахуал елдігімізді шыңдай түсетін уақыт екендігіне ерекше мән берді. Тарихи құжаттың негізгі өзегі барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, ел экономикасын үздіксіз дамыту мәселелері болып табылады. Жолдауда ширек ғасырда жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекеттің дағдарысты еңсеру мүмкіндіктері жан-жақты сараланып, кең ауқымды іс-қимылдар жоспары түзілді. Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындап келеді. Біздің дағдарысқа қарсы басты стратегиямыз, Елбасы атап өткендей, «үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес».
Жолдауда тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, өзара бәсекелестікті арттыру стратегиясында шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудың маңыздылығы қадап айтылды. Өңірдің Индустрияландыру картасына жалпы инвестиция сомасы 27 миллиард теңгеге тең 39 жоба енгізілді. Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3 миллиард теңгеден асатын 11 жоба іске асырылуда. Жаңа әлеуметтік нысандар, мектептер, 320 орындық балабақша салудың, тұрғын үй-коммуналдық, көліктік және энергетикалық инфрақұрылымдарға жаңғырту жүргізудің кешенді шарасы қабылданды. Бес институттық реформаны орындауға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың аумақтық бағдарламасы белгіленді. Басты назар инновациялық индустрияландыруды жүзеге асыру аясында құрылатын жаңа секторлар арқасында экономикалық өсімді қамтамасыз етуге аударылып отыр. Жүк вагондарын, астық және жем-азық жинайтын техника, үлкен диаметрлі пластик құбырлар шығарудың келісімшарттары жасалып, мұнай кәсіпорындарына ұңғыма сорғылар жасау және қаймағы алынбаған өнімдер өндіру өндірісі жаңғыртылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату бойынша жаңа зауыттарды іске қосу, заманауи көліктік-логистикалық орталық салу мақсатымен Қытай Халық Республикасы, Голландия, Италия және Ресей Федерациясы сияқты шетелдік әріптестермен 153 миллиард теңгенің жаңа жобалар келісіміне қол қойылды. Тоқтап тұрған кәсіпорындарға сараптама жасалып, 13 кәсіпорынды іске қосудың «Жол картасы» әзірленді. Соның бірі – Тайынша ауданындағы «Биохим» зауыты. Кешен жұмысына Францияның «AXENS» компаниясы техникалық аудит жүргізіп, қазіргі уақытта «Bio Operation» ЖШС-нің басқаруына берілді.
Өндіріс орны толық қуатына көшкен кезде 400 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Кешен жылына 60 мың тоннаға дейін биоэтанол шығаруға қауқарлы.
Президент жаңа Жолдауында дағдарысқа қарсы басты стратегияны айқындады. Қаржы секторын тұрақтандыру мақсатымен бюджет шығысы 3 миллиард теңгеге оңтайландырылды. Босаған бюджет қаражаты Жолдау тапсырмаларын орындауға, әлеуметтік сала және тұрғын үй нысандары құрылысын, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды аяқтауға, республикалық бюджеттің мақсатты трансферттері және Ұлттық қордың қаражаты есебінен жоспарланған құрылыс нысандарын бірлесіп қаржыландыруға жұмсалады. Облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестігінің жақсы мысалдары көп. «СолтҚазЭнерго» АҚ, «Егоровские склады» және «Петрострой-Люкс» ЖШС-лері 800 орындық үш балабақшаның құрылысын жүргізуде. «Самигуллин» ЖК-нің жеке қаражаты есебінен мектепке дейінгі мекеме ашылды. Алдағы жылы осындай мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында 370 балаға арналған үш балабақша салу, қаланы жарықтандыру желісін жаңғырту, 1 МВт-ға фотоэлектрлі станса орнату, тұрғындарға амбулаторлық және стационарлық көмек көрсету үшін офтальмология орталығын салу жоспарланған. Коммуналдық меншік есебіндегі 220 мемлекеттік кәсіпорынның 39-ы жекешелендірудің екінші толқынына енді.
Жолдауда индустрияландыру бағдарламасын орындауда жаңа инвестициялық саясаттың керектігі, жеке инвестициялар құюдың, оңтайлы орта қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Өңірде инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған нұсқаулар біліктілікпен жалғастырылатын болады. Облыста инвестициялық қызмет оң өсімге ие. 10 айда 34 пайыздық өсіммен 124 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында 4,7 миллиард теңгенің 12 жобасы жүзеге асырылып, 370 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. «Қызылжар су» ЖШС сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту және қалпына келтіру үшін 2,2 миллиард теңге қарыз алу жөнінде Еуропа қайта құру және даму банкімен несиелік шартқа қол қойды. Сөйтіп, кәсіпорын бойынша жалпы инвестиция көлемі 2016-2018 жылдары – 6,8 миллиард, «Жылу желілері» бойынша 12 миллиард теңгені құрайтын болады. Жыл басынан бері «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 4 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Бірінші бағыт бойынша 30 жоба жүзеге асырылып, 338 жаңа жұмыс орны құрылды. Екінші бағыт бойынша 235 жеңілдетілген шағын несие берілсе, үшінші бағыт аясында 129 адам кәсіби оқудан өтті.
Жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетінің бір алғышарты – мемлекеттік қолдау еңбек ете алатындардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатыны. Демек, әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға бағытталады деген сөз. Осыған орай жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы жарияланып, 2017 жылдан қолданысқа енгізіледі. Колледждер мен 80 кәсіпорын арасында 1200 келісімшарт жасалған. Жыл сайын 7 мыңнан астам студент кәсіптік тәжірибеден өтеді, оның 30 пайызы ақылы жұмыс орындарына тиесілі.
Агроөнеркәсіп кешенінде ұқсату кәсіпорындарының санын арттыру үшін 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру арқылы 123 миллиард теңгенің 55 жобасын жүзеге асыру белгіленген. Бүгінгі күні шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 25 пайызды құрайды, бұл – республика бойынша 5-ші көрсеткіш. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 41 миллиард теңгенің 718 жобасы мақұлданды. Осы кезеңде 14,5 мың жұмыс орны сақталып, 4,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс биыл несиелерді кепілдендіру тетігі бойынша елімізде бірінші орынға шықты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының екінші бағыты аясында ауылдық кәсіпкерлерге жарты миллиард теңгенің 235 шағын несиесі берілді.
Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуден өткізуге биыл 5,2 миллиард теңге қаражат жұмсалып, 252 шақырым жол жөнделді. Келесі жылы 5,6 миллиард теңгеге 360 шақырым жол қалпына келтіріледі. Үкіметтің резервінен бөлінген 4 миллиард теңгеге Петропавл әуежайының ұшу-қону жолағы жаңғыртылады. Жолақты ұзартып, кеңейту, жарық пен дабыл жабдықтарын орнату, жолаушылар терминалын қалпына келтіру жұмыстарына 2 миллиард теңге бағытталады.
Жолдау – қоғамның жаңа сатыға көтерілуінің басты негізі, үкілі үміттердің берік тірегі. Бүгінгі жетістіктеріміз – Елбасы алдымызға бұған дейін қойған міндеттердің тиянақты орындалуының көрінісі. Мемлекет басшысы Тәуелсіздікті баянды ету жолында бірлігімізді одан әрі бекемдеп, аянбай тер төгуге шақырды. Стратегиялық құжатта айтылған ойлар мен көтерілген бастамалар әрбір солтүстікқазақстандықтың жүрегіне жетеді деген сенімдемін.
Ерік СҰЛТАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
(“Егемен Қазақстан”,
2015 жылғы 8 желтоқсан).