М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар “Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орны жүйесінде қазақ тілін үздіксіз деңгейлеп оқытудың жаңа моделі” тақырыбында ой бөлісті.
Конференцияға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова: “Ұлттың жаны тіл болғандықтан, тіл мәселесі, әсіресе, небір сынақты басынан өткерген қазақ тілінің мәселесі қашан да өткір әрі өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік берудің арқасында бүгінгі табыстарға жетіп, тұрақтылықты нығайтып отырмыз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар, ең басты байлығымыз, ел бірлігі болуы керек. Сондықтан қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бүкіл қазақстандықтарды біріктіруші маңызды факторға айналуы тиіс”, – деді.
Конференцияда қазақ тілін деңгейлеп оқытудың әдістемесі, ақпараттық, сандық білім беру технологияларын енгізу және жаңа стандартты жүзеге асыру жөніндегі мәселелер жан-жақты талқыланды. Еліміздің жалпы білім беру ұйымдарында қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелері жөнінде ой қозғаған баяндамашылар республика бойынша барлық қазақ тілінде оқытатын мектептердің 15,5 пайызы ғана қалаларда орналасқандығын тілге тиек етіп, қазақ тілінде оқытатын мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ұйымдарының желісі қалалық жерлерде баяу өсіп отырғанына қынжылыс білдірді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру ақпараттық технологияларының бас сарапшысы Роза Батталдың сөзіне қарағанда, мектептердегі қазақ тілінің оқыту сапасын арттыру мақсатында нақты шаралар іске асқан. Атап айтсақ, қазақ тілін оқытуға бөлінетін апталық оқу жүктемесі көбейтілген. 1-11-сыныптарда қазақ тілі, 5-сыныптан бастап қазақ әдебиеті екі топқа бөлініп оқытылатын болған. Ұлттық бірыңғай тестілеудің және 9-сыныптарда оқу жетістіктерін сыртқы бағалаудың міндетті пәні болып қазақ тілі алынған. Басқа да шаралар жүзеге асырылуда.
Тілді деңгейлеп оқыту бойынша үш деңгейлік бағдарламалар курстарында 8 мыңнан астам қазақ тілінің мұғалімі біліктіліктерін арттырған. Конференцияда орыс тілінде білім алған түлектердің 11 жыл оқығанмен, мектеп бітіргенде қазақ тілін білмей шығатындығы, оқушының көркем шығарманы, әдеби кітапты түпнұсқадан оқудан қол үзіп бара жатқандығы туралы да айтылды.
Ұлттық үрдісті әлемдік үлгілермен терең сабақтастыра оқыту – мұғалімнің біліміне, біліктілігіне, кәсіби шеберлігіне қатысты мәселе. Конференцияға қатысушылар Петропавл қаласындағы №26 балабақша-мектеп кешені (оқытудың авторлық бағдарламасымен), қазақ мектеп-гимназиясы (Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі бойынша оқыту) және орыс тілінде оқытатын Бірінші лицей (қазақ тілін оқытумен) мұғалімдерінің іс-тәжірибелерімен танысты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.