Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтіп, 60-тан астам журналист түрлі марапатқа ие болды. Бұл – ақпарат кеңістігін дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан медиа саласы мамандарының тынымсыз еңбегіне берілген зор құрметтің көрінісі.
Өңір журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жүрекжарды тілегін айтып, журналистер – билік пен қоғам арасындағы алтын көпір ретінде халыққа маңызды және өзекті ақпаратты жеткізетінін, қоғамдық пікір қалыптастыратынын, азаматтардың сенімін нығайтатынын атап өтті.
– Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облыс тұрғындары туған өлкенің жетістіктері, проблемалары мен келешегі туралы үнемі хабардар болып отырады. Барша медиа қауымдастығына шабыт, креативті идеялар, жарқын материалдар және ризашылық танытатын оқырмандар мен көрермендер тілеймін. Бірлесіп, өңіріміздің дамуына үлес қосып, ашықтықты, диалогты және қоғамдық сенімді нығайта беретінімізге сенемін, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.
Салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысының өкімімен бірқатар журналист орден-медальдармен, салалық министрліктің, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Солардың бірі – «Soltüstık Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі, ардагер журналист Өмір Есқали. Жарты ғасырдан астам уақытын журналистикаға арнаған қаламгерге «Еңбек ардагері» медалі табысталды.
«Журналист болу үшін адам білімді, батыл әрі ізденімпаз болуы тиіс. Басты міндет – халыққа шынайы ақпарат жеткізу», – дейді Өмір Есқали.
Сонымен қатар «Soltüstık Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Жадыра Есенгелді мен дизайнері Әсел Ахметова облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».