«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІКТЕРДЕН ҮЙРЕНУ – ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ

Тимирязев аудандық білім бөлімінің басшысы Армат Күзеубаев сапалы білім мен тәрбие беруге баса мән береді. Ол облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың және аудан әкімі Еркін Базархановтың қолдауымен өңіріміздің озық мектептерімен бірнеше жылдан бері тәжірибе алмасуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы аталмыш аудандағы білім мекемелерінің мектеп директорлары, олардың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтері мен әлеуметтік педагогтері, шағын орталықтардың тәрбиешілері Аққайың ауданындағы Совет және Власовка, Петропавл қаласындағы №4, №43 орта мектептерде, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта, әл-Фараби мектеп-лицейінде болды.

“Бұл шаралар ұстаздардың жеке және кәсіби шеберліктерін жетілдіруді көздеп, олардың жаңа бағытқа жол ашуына ұйытқы болады”, – дейді ұйымдастырушы Армат Тілеубайұлы.

Білім беру мекемелерінің қызметін бағалаудың басты өлшемдерінің бірі – мемлекеттік аттестаттау нәтижесі. Жоғарыдағы мектептер оқушыларының білім сапасы жағынан мемлекеттік аттестаттаудан өте жақсы көрсеткіштерге (94%) жеткен. Олардың түлектері жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеуде тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Мысалы, Аққайың ауданындағы көрнекті жерлесіміз, гидролог ғалым Уфа Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебі ҰБТ өткізіле бастағаннан бері облыс бойынша 1-ші, 2-ші, 3-ші орындарды еншілеп келеді. Кездесу барысында біз мектептің алдыңғы қатардан көріну тәжірибесімен бөлісіп, өз пәндеріміз бойынша қызықтырған сұрақтарымызға жауап алдық. Оқу ошағындағы өлкетану мұражайы мен жылыжайдың жұмысымен таныстық.

Власов орта мектебі де – облыстағы көшбасшы мектептердің бірі. Бұл білім ошағы мектеп директоры Анатолий Заруцкийдің басшылығымен денсаулық сақтау технологиялары туралы жобаны республикада қорғады. Анатолий Карлович мектепте қыста шаңғы базасы жұмыс істейтінін айтты. Онда балалар үшін барлық жағдай жасалған: сауна, душ, шай ішетін демалыс бөлмесі бар. Жанында өз қолдарымен жасап, жарақтандырған хоккей корты да жұмыс істейді. Мектепте спорттың осы түріне басымдық беріледі. Оқушылардың кубоктары мен медальдары аталмыш мектептің спорттағы жетістіктерінің бұлтартпас дәлелі іспетті. “Мектеп директордан басталады”, – деген Анатолий Заруцкий білім ошағында ұсақ-түйек жоқ, онда барлық жұмыс, кез келген бағыт пен мәселе бірінші орынға қойылғандығын айтты.

Петропавлдағы №4 мектептің босағасынан аттаған сәттен бастап тропикалық баққа енгендей әсерде қалдық. Экзотикалық өсімдіктер көздің жауын алады. Мектеп директоры Ғафура Бөстекова мұны өзінің гүлді өте жақсы көретіндігімен және білім ошағының басты дизайнері де өзі екендігімен түсіндірді. “Мұндай әсемдікті көріп, оны баптап өскен бала еш уақытта қатыгездікке бармайды”, – дейді ол.

Ғабит Мүсірепов пен Евней Букетов сынды екі ұлы тұлғаның өмір жолдары бірнеше рет тоғысқандығы туралы жазушының атындағы №43 орта мектептегі мұражайда білдік. Тарихшы Гүлнәр Мұқанова 2002 жылы Ғ.Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойына орай жазған мақаласында: “Олардың өмірге келген күндері де бірдей дерлік: Мүсірепов – 22 наурызда, Букетов – 23 наурызда туған, тек 23 жас айырмашылығы бар. Жұлдыздар шоғыры оларды өнер әлеміне бірдей тәнті қылғандай: театр, әдебиет, публицистика екеуінің де өмірлері мен шығармашылықтарының бір бөлігіне айналған. Бір өңірдің тумалары сынақ сәттерінде де бір-бірін жолда қалдырған жоқ. Отыз жасар ғалым-химик Букетов кандидаттық диссертациясын қорғауға әзірленіп жатып (1954 жылы шілде айында қорғады), Ғ.Мүсіреповтің “Оянған өлке” романына рецензия әзірлеуге де уақыт тапты (бұл пікірі 1954 жылы 4 сәуірде “Казахстанская правда” газетінде жарияланды)”, – депті. Гүлнәр Қайроллақызы осы материалды үстіміздегі жылғы 23 наурызда туғанына 90 жыл болған Евней Букетовтің Ақжан мектебіндегі мұражайына да табыс етті. Осылайша мектебіміздегі мұражай бір құнды жәдігермен толықты.

“Әрбір адам өз биігін таңдау керек, сондықтан оған жету үшін тырмысу керек. Егер сен оған жете алмасаң, соған жетуге талпынуың керек…”, – деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, біз болған мектептер жоғары биіктерге қол жеткізіп, жаңаларын бағындыруды мақсат етуде. Озық тәжірибемен бөлісу бойынша мектептер арасындағы ынтымақтастық педагогикалық ұжымдардың бір-бірімен ең заманауи, инновациялық әдістерімен бөлісуіне, оны өздерінде жүзеге асыруға жол ашты.

Ирина ДИДЕНКО,

Ақжан негізгі мектебінің директоры.

 Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp