Кеше Петропавл қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” мемлекеттік мекемесінің бөлімшелері арасында “Газ-түтіннен қорғау қызметінің үздік буыны”, “Газ-түтіннен үздік қорғаушы” және “Қауіпсіздік қосынындағы үздік күзетші” атағына ведомстволық жарыс өтті.
Дәл осы бөлімшелер арасындағы жарыстар аса маңызды саналады. Өйткені өрт аймағына ең алғашқы болып аяқ басып, қалың түтін ішінде қалған адамдарды іздеп тауып, олардың өмірін құтқаратын – газ-түтіннен қорғаушылар.
Бұл сынға өрт сөндіру бөлімдерінің 16 командасы қатысты. Жарыстың салтанатты түрде ашылу рәсімінен соң өрт сөндірушілер үш кезеңнен құрылған тәжірибелік бөліміне көшті. Алдымен өрт сөндірушілер психологиялық дайындықтың от жолағы арқылы өтті. Келесі кезеңде әр буын бірігіп тас қараңғыда, қалың түтіннің ішінде жылу-түтін камераларынан өтуге тиіс болды. Оларға тілсіз жаудың ошағын тауып, өртті сөндіріп, зардап шеккен адамды іздестіріп, оны эвакуациялау міндеттелді. Содан кейін өрт сөндірушілер функционалды өрт көпсайысы бойынша күш сынасты. Қатысушылар 8 түрлі жаттығу, соның ішінде, штанг көтеру, көлік доңғалағын тегістеу, қысымды өрт сөндіру шлангілерін бір-біріне жалғау, жүгіру, жәбірленушілердің манекендерін тасымалдау сияқты сындардан ептіліктерін танытты.
Қатысушылардың айтуынша, ең қиыны қалың қою түтінге толы тастай қараңғы бөлмеден адам орнындағы манекенді тауып алып, оны өрттен алып шығу кезіндегі психологиялық кедергі болған көрінеді.
Тартысты өткен жарыс нәтижесінде Петропавл қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командасы жеңімпаз атанып, “Газ-түтіннен қорғау қызметінің үздік буыны” атағына ие болды. Екінші орынды Петропавл қалалық №3 өрт сөндіру бөлімі иеленсе, үшінші орынға Петропавл қаласының №1 өрт сөндіру бөлімі ие болды. Ал төртінші орынды Айыртау ауданындағы Саумакөл ауылының № 7 өрт сөндіру бөлімі қанжығасына байлады.
Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Денис Чайковский “Қауіпсіздік қосынындағы үздік күзетші” атанды. “Газ-түтіннен үздік қорғаушы” атағына Петропавл қаласы №5 өрт-сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі азаматтық қорғау кіші сержанты Бақыт Мерекенов ие болды. Жеңімпаздарға ауыспалы кубок пен грамоталар табыс етілді.