«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ

Прокуратура, әділет және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің қатысуымен облыстық криминалдық полиция қызметкерлерінің семинар-кеңесі өтіп, аталмыш шара барысында өңірдің үздік жедел құрамалары мен қылмыстық іздестіру қызметкерлері анықталды.

Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев семинардың басты мақсаты қылмысты анықтау мен ашудың әдістемелері бойынша қосымша білім алу екенін айтты. Басқа құқық қорғау органдарынан сөз алған әріптестері жедел-іздестіру қызметіндегі, интеллектуалды меншік және экстремизммен күрес салаларындағы проблемалық мәселелерді бірлесіп талқылауды ұсынды. Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мыңбай Асылбеков өз сөзінде облыстың оперативтік қызметкерлерінің тәлімгерлік тәжірибесін жалғастырулары, қолданыстағы заңнамалардағы бұйрықтар мен нұсқамалардағы өзгерістерді зерттеп білулері қажеттілігін атап көрсетті.

Семинардың соңында құрамалардың қызметі қорытындыланды. Жамбыл ауданы Ішкі істер бөлімінің құрамасы криминалдық полицияның үздік бөлімшесі болып танылды, екінші орынды – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның, ал үшінші орынды Уәлиханов ауданының оперативтік қызметкерлері алды. Оперативтік қызметкерлер ішінде айыртаулық полиция подполковнигі Ерлан Қасымов, Мағжан Жұмабаев ауданының полиция майоры Станислав Цит және петропавлдық аға лейтенант Руслан Сыздықов үздік үштікті құрады. Шал ақын ауданы Ішкі істер бөлімінің полиция майоры Руслан Сәдуақасов үздік криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы атанды. Сондай-ақ, тағы 11 оперативтік қызметкер грамоталар мен Алғыс хаттар алып, 40 қызметкерге алғыс жарияланды.

“Қызылжар-Ақпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp