
Кеше облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған “Қазақстанның үздік тауары – 2016” көрме-байқауының өңірлік кезеңінде жүзден жүйрік атанған үздік тауар өндірушілер анықталды. Шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылдан бері қолға алынған бұл шараның басты мақсаты жергілікті кәсіпкерлерді қолдау, отандық тауар өндірушілердің еңбегін бағалау болып табылады. Жыл өткен сайын байқауға қатысушылардың саны артуда. Бүгінгі таңда облыстық байқауға өңірдің 40-тан астам тауар өндірушісі қатысуда. Бұл елімізде кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын, отандық тауарға деген сұраныстың артқанын айқын көрсетеді, – деген Ерік Хамзаұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өңір басшысы көрмеге қатысушы облыстың тауар өндірушілерінің павильондарын аралап көрді. Өңірдегі танымал кәсіпорындардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жағдайларын сұрастырып білген облыс әкімі сауда нарығына баса мән берді. Мәселен, спутниктік коммуникациялар қызметін көрсетуде Қазақстан нарығында үздіктердің қатарынан саналатын “ASTEL” компаниясы, “Сұлтан-элеватор-диірмен-макарон кешені”, “С. М. Киров атындағы зауыт”, “Сұлтан кондитерлік өнімдері” АҚ, “Алекри фирмасы”, “Новомихайловское – 2003”, “Софокл-Север”, “Петропавл арақ зауыты БН”, “Молсервис”, “Сергеевка сүт өнімдері”, “Тайынша сүті”, “Казмясопродукт” сияқты бірқатар танымал жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өнімдері бірден жұртшылықтың назарын аударды.
Байқау қорытындысы бойынша “Үздік азық-түлік тауарлары”, “Тұрғындарға арналған үздік тауарлар”, “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” аталымдары бойынша “Көпбейінді құрал-жабдықтар зауыты”, “Левин В.Д.” жеке кәсіпкерлігі, “ViZaVi Company” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірінші дәрежелі дипломдармен марапатталса, “С. М. Киров атындағы зауыт” АҚ, “Петропавл арақ зауыты БН”, “Казмясопродукт” ЖШС мен жеке кәсіпкер Гүлшат Шәкірова, “РА АртСити” серіктестігі, “Арқалық” шаруа қожалығы екінші және үшінші орындарды еншіледі. Бірінші орын алған үздіктер республикалық көрме-байқауда өңіріміздің намысын қорғайтын болады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.