Петропавл қаласында “PetroLeague” аула футбол лигасы өз мәресіне жетті. “Жас Отан” жастар қанатының облыстық филиалы мұрындық болған сайыстың салтанатты жабылу рәсімінде бірінші және екінші лига ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Шараның ресми бөлімінде аулалық лига ойындарының үздіктері аталып өтілді. Мәселен, “Бескөл” командасының ойыншысы Әсет Қабдоллаев “Үздік шабуылшы” және “Үздік ойыншы” аталымдарында жеңіске жетті. Барлық кездесулерде қарсыластың қақпасына 29 рет доп дарытып, командасын үшінші орынға жеткізген Әсет футболшылар арасында жүргізілген сауалнама барысында бұл аталымдарға бірден-бір лайық шабуылшы ретінде аталған. Ал екі ойында қақпасына бірде-бір доп дарытпаған “Динамо” командасының қақпашысы Сергей Качмар “Үздік қақпашы” аталымында жеңіске жетті. Осы команданың тағы бір мүшесі Әділ Мұсабаев “Үздік қорғаушы” атанды.
Үш айға созылған дода барысында 97 ойын өткізіліп, 400-ден астам футболшы 975 доп соққан. Сөйтіп, “PetroLeague” аула футбол лигасының қорытындысы бойынша “Динамо” командасы бірінші орынға ие болды. “Әділет” пен “Бескөл” екінші мен үшінші орынды өзара бөлісті.
Мұса ТАНАҚҰЛОВ,
“Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы.