Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан Конституциясы күніне орай салтанатты шара өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып жүрген бірқатар сала өкілін марапаттады.
– Осыдан жиырма төрт жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, ел Конституциясын қабылдады. Осы уақыт ішінде Ата заң бүгінгі жетістігіміздің берік кепілі болды. Біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатын арттыруға, бейбітшілік пен келісімге қол жеткіздік. Елдің дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған өзгерістер Конституция негізінде іске асырылуда. Сондықтан біз үшін бұл мерекенің маңызы зор, – дей келе Марат Тасмағанбетов әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық пен елімізге тыныштық тіледі.
Облыс жұртшылығы үшін жайлы тұрмыс қалыптасып, көптеген тұрғын үйлер мен мектептер бой көтеруде. Өңірде жолдарды жөндеуге, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге басымдық берілуде.
Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі мен қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін Татьяна Горичева, Руслан Біржанов, Рустам Таштанов, Бағлан Қарабеков, Анатолий Алешкин, Үмітжан Шынтемірова сынды сала үздіктеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді. Сондай-ақ бір топ азамат Алғыс хаттарға ие болды. Ата Заңды ұлықтауға арналған салтанатты шара одан әрі өңір өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.