«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІКТЕР ІРІКТЕЛЕДІ

Қызылжар өңірінің топырағына табан тіреген туристер мен қонақтарға қызмет көрсету деңгейі қандай? Осы мәселе төңірегінде туындаған сауалдарға жауап іздеп, туризм, демалыс және ойын-сауық қызметтерімен айналысатын өңірлік кәсіпкерлердің мүмкіндігін бағалау үшін сайыс ұйымдастыру дәстүрге айналған. Биылғы “Қонақжай Петропавл – 2016” байқауының өз ерекшелігі бар. Ол – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және “ЭКСПО – 2017” көрмесіне арналады. Аталмыш байқаудың шарттары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы өткізген кезекті брифингте сөз болды.

 

– Алдағы жылы “ЭКСПО – 2017” көрмесі Астана қаласында үш ай бойы өтеді. Осы мерзім ішінде шараға қатысушы шетелдіктер Қазақстанның басқа жерлеріне саяхат жасауға қызығушылық танытары сөзсіз. Сол кезде біздің өңірге келген қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсете білуіміз керек. Бізде туризм жанданып келеді. Қонақ қабылдау жоғары деңгейде болғаны жөн. Бұл – сала кәсіпкерлері үшін сын, – деді байқауды ұйымдастыруға мұрындық болып жүрген облыстық рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының төрағасы Сайран Хамзин.

“Қонақжай Петропавл – 2016” байқауы демалыс және ойын-сауық қызметтерін ұйымдастыратын кәсіпкерлердің басын қосып, оның 25 түрі бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Байқауға қатысу үшін өтініш беру кезеңі 12 қыркүйектен бастап 12 қазанға дейін жалғаспақ. Одан кейінгі бір ай қатысушылардың әлеуметтік желілер арқылы дауыс жинау науқанына арналады. Сарапшылар жеңімпаздарды 18 қараша күні жария етеді.

Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш сала кәсіпкерлері үшін шараның маңызы зор. Қатысушылар өзара сайысумен шектелмейді, сондай-ақ, бизнесте жаңа идеялар іздеуге, басқаның әдіс-тәсілдерін үйренуге, әріптестері мен тұтынушыларының көзқарасын білуге, өз-өзіне есеп беруге мүмкіндік алады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp