Өткен жылы белсенділігімен көзге түсіп, көпшіліктің көңілінен шыққан азаматтар анықталып, “Халық сүйіктісі” жүлдесіне ие болды. Еңбегі бағаланып, Астана қаласында өткен салтанатты шара барысында мерейі асқақтағандардың қатарында жерлестеріміз де бар.
“Халық сүйіктісі” жүлдесінің иегерлері 2018 жылғы 25 қараша мен 15 желтоқсан аралығында әлеуметтік желілерде, lubimec.kz сайтында дауыс беру арқылы таңдалған болатын. Дауыс беруге 500-ден астам қазақстандық қатысып, жеңімпаздар 27 аталым бойынша марапатталды.
– Биыл біз “Жылдың үздік әскери қызметшісі”, “Жылдың үздік полицейі”, “Кәсіподақтың жаңа үздік мүшесі” сынды үш жаңа аталымды енгіздік. Бұлардан бөлек онлайн дауыс беру арқылы анықталатын “негізгі” аталымдарымыз бар. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде алпыс үміткер көрсетілген. Оның ішінде екі аталым бойынша екі адамнан, қалғандары бір-бірден марапатталды, – дейді байқаудың ұйымдастырушылары, “Республика – өңір – даму” қоғамдық қорының өкілдері.
“Жылдың үздік кәсіпкері” аталымы бойынша жергілікті “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дмитрий Шарапаев және Қостанай облысындағы “Жас қанат – 2016” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Қайрат Маишев марапатталды.
71-ші Канн кинофестивалінде “Үздік әйел рөлі” аталымын жеңіп алған жерлесіміз Самал Есләмова “Жыл жаңалығы” аталымында топ жарды.
Арнайы жүлде – “Кәсіподақтың жаңа үздік мүшесі” аталымы Уәлиханов ауданындағы “Жолдасбай-Агро” шаруа қожалығының мал өсірушісі Рауан Бралинге табысталды.
“Қызылжар-Ақпарат”.